Мұхаммед пайғамбар (с.ғ.с.) жайлы фильм «Оскарға» ұсынылды

Мұхаммед пайғамбар (с.ғ.с.) жайлы фильм «Оскарға» ұсынылды

Иран мемлекеті Маджиж Маджижидің «Мұхаммед (с.ғ.с.) – Алланың елшісі» фильмін «Оскар» сыйлығына ұсынып отыр. Кинокартина атақты жүлденің «Өзге тілдегі үздік фильм» номинациясы бойынша сынға түседі. Аталмыш номинация бойынша «Оскар» жүлдесіне 67 мемлекеттен туындылар ұсынылған.

 

Бұл фильм – «Мұхаммед пайғамбардың (с.ғ.с) өмірбаяны» атты трилогияның алғашқы туындысы. Фильм сюжеті бойынша Пайғамбарымыздың (с.ғ.с.) туылғаны және 12-жасқа дейінгі балалық шағы көрсетіледі.

 

Туында Иран мемлекетінің кино тарихындағы ең қымбат кинокартинасы болып отыр. Түсірілімге 40 млн доллар жұмсалған көрінеді.

 

www.muslim.kz

24 қыркүйекте мұсылман қауымы Құрбан айт мерекесін атап өтеді

24 қыркүйекте мұсылман қауымы Құрбан айт мерекесін атап өтеді

Құрбан айт – барша мұсылмандардың ұлы мейрамы. Қасиетті Құрбан айт мерекесі Рамазан айынан кейін 70 күн өткен соң тойланады. Ай күнтізбесі бойынша жыл сайын он күнге өзгеріп тұрады. Биыл Құрбан айт мерекесі 24-26 қыркүйек күндері аталып өтіледі.

 

Мұсылман үмметі Құрбан айт күні таңертең дәрет алып, өзінің алғашқы қадамын тазарудан бастап, үстіне кіршіксіз таза да жаңа киімдерін киіп, хош иіс себініп, мешітте көпшілікпен бірге мерекелік намаз оқиды. Елордалық мешіттерде айт намазы 24 қыркүйекте таңғы сағат 7:45 оқылады.

 

Бұл күні әлемдегі барша мұсылман қауымы құрбандыққа мал шалып, оның етін үшке бөледі. Бір бөлігін тұрмысы төмен отбасыларға таратады, екінші бөлігі өзінің отбасында қалады және үшінші бөлігі қонақтарға арналған мерекелік дастарханға жайылады.

 

Санитарлық-эпидемиологиялық ережелер мен талаптарға сәйкес Астана қаласында малды құрбандыққа шалатын арнайы орындар белгіленді.

 

Дін істері жөніндегі басқарманың хабарлауынша, негізгі құрбандық шалатын орын Қосшы елдімекеніне жақын «Алтын таға» мал базарында орналасқан. Бұдан басқа, «Пищекомбинат Астаналық» ЖШС, М. Дулатов к-сі, 191; «Нұрбереке 555» ЖШС, Алаш тасжолы, 30; «Метро» СО, «Шаушен» шаруа қожалығы, Астана-Павлодар тасжолы, 9 км;  «Темеш» шаруа қожалықтары; «Астана - Софиевка» тасжолы, 7 км; «А. Есжанова» ЖК; «Жайлау», Алаш тасжолы;  «Мақсат 2007» ЖШС; Теміржолшылар тұрғын алабы, Ақжар к-сі, 20 бойынша да құрбандық шалу алаңдары бар.

 

Құрбан айт мерекесі кезінде «Нұр Астана» және «Сәдуақас қажы Ғылмани» атындағы мешіттердің алдындағы алаңдарда киіз үйлер тігіледі. Мереке күндері құрбандық еттері мұқтаж жандарға таратылады.

 

Еске салайық, Қазақстан Републикасы Еңбек Кодексінің 96-бабы 4-тармағына сәйкес, Құрбан айт мейрамының бірінші күні демалыс күні болып саналады.

 

www.astana.gov.kz

Құда түсудің мұсылманша жөн-жоралғысы

Құда түсудің мұсылманша жөн-жоралғысы

1. Қызға құда түсіп келгендерді жақсы қарсы алу

 

Мұсылмандық әдептердің бірі – үйіне құда түсе келген кісілерді құрметпен қарсы алу. Сондықтан үй егесі осы әдепті сақтап, қызын келіндікке сұрап, төріне шыққан адамдардың әрекетін қаламаса да, онысын сездірмей, көңілдеріне келетін дөрекі сөз айтпай, сыпайы түрде, шығарып салу да салтымыздың бірі. Әлеуметтік жағдайлары төмен немесе жаны қаламайтын кісілер қыздарын айттырып келгенде, «Сендер не беттеріңмен келіп отырсыңдар», «Менің қызымды айттыруға дәттерің қалай барады?!» дейтін әдепсіз сөздермен оң ниетпен келген кісілердің көңілін қалдыру мұсылмандық сипатқа жараспайды. Егер құда түсушілерге қыз беруді қаламаса, мұны астарлы сөзбен, «Жақындармен ақылдасып көрейік», «Қызымыздың өзі бұған не дер екен?» деген секілді қашыртпа жауаппен істі жылы жауып шығарып салғаны дұрыс.

 

2. Құда түсушілерге тез арада жауап беру

 

Қыз жағының тағы бір ескеретін мәселесі – құда түсушілерге уақытты көп созбай бір жауабын беруі шарт. «Нақты жауабымызды айтпай қоя тұрайық. Мүмкін тағы басқалар да құда түсіп қалар. Егер басқа ешкім құда түспесе, келісе салармыз» деген бақайесептікке салынып қарсы жақты күттіріп қою кісі ақысына қол сұққанмен бірдей. Сондықтан қарсы жақты көп сарсылтпай, өз ойларын тез арада айтқан жөн.

 

3. Айттырылған қызға құда түсіп бармау

 

Ислам діні бойынша, айттырылған қыздан сырға таққан жақ бас тартпайынша немесе қыз жақ құдалықты бұзбайынша, құда түсіп баруға жол берілмейді. Егер бірінші құда түсушілердің ұсынысы қыз жағынан қабыл алынбаса, екінші жігіттің құда түсуіне болады. Қоғамның ауызбіршілігі мен тыныштығын ойлаған ардақты елші Мұхаммед пайғамбар (саллаллаһу аләйһи уә сәлләм) бұл жайында хадисінде былай деген:

 

4. Қызды айттыруды жария етпеу

 

Пайғамбарымыз (с.а.с) қызды айттырудың жасырын жасалуын тапсырған. Бұлай жасаудың бірнеше пайдасы бар. Біріншіден, ауыл аймақта өсек жайылуының алдын алады. Егер қыз жақ келісім бермесе, онда жігіт жақтың абыройы төгілгендей болуы да мүмкін. Құда түсушілерді көре алмайтындар үшін бұл өсек таратуға таптырмас мүмкіншілік. Мұны жұртқа таратып ел алдында күлкі етуге барын салатындар да бар. Екіншіден, егер құда түсушілерді күндеушілер болса, қыз жағына барып олардың ұсынысын қабылдамауы үшін неше түрлі жала жабуы да ықтимал. «Сақтықта қорлық жоқ» деп, қыз жақ нақты келісімін бергенше істі жария етпеген жақсы.

 

5. Үйлену үшін қыздың келісімін алу

 

Қызына құда түсіп келгенде, ата-ана қарсы жаққа жауаптарын беру үшін міндетті түрде қызымен ақылдасуы қажет. Қыздың пікірін білген соң ғана құда түсушілерге өздерінің жауабын айтады. Пайғамбарымыз (с.а.с):

«Жесір әйел ұсынысты қабыл етпейінше, ал жас қыздың ризашылығы алынбайынша, әйелдерді некелестірмеңдер», – деген. Жесір әйелді үйлендіру міндетті түрде оның «Келісемін» деген сөзінен соң ғана іске асады. Ол ұсынысты қабыл алғанын өзі білдіре алады. Ал оң жақта отырған бойжеткендер мұндай сөзді айтудан қымсынатындықтан, үлкендер жағының сұрағына үндемеуі немесе күлімсіреуі оның келіскенін білдіргені деп қабылданады. Яғни неке қию үшін қандай жағдайда да әйел затының келісімі болуы тиіс. Себебі Пайғамбарымыз (с.а.с) бір сахабаның қызының келісімін алмастан қидыртқан некесін бұзған. Хазірет Омар (р.а.) да бұл жайында былай деген: «Қыздарыңды қинап үйлендірмеңдер. Олар да сендер секілді жақсы мен әдеміні қалайды». Сондықтан «Менің айтқан адамыма тұрмысқа шығасың», «Айттым бітті, соған күйеуге тиесің» деп,  қызды күйеуге еркінен тыс беру ешқашан дұрыс келісім дәрежесінде қабылданбайды.

 

6. Құда түсу некелесу емес

 

Халқымызда құда түсілген қызға белгі ретінде сырға тағу салты бар. Бұл екі жақтың келіскенін білдіретін нышан. Бірақ – құда түсудің еш уақытта некелескен болып саналмайтынын ұмытпау керек. Сондықтан құда түсіп, құйрық-бауыр желінсе де, некесі қиылмайынша, жігіт пен қыздың ешкім жоқ жерде жалғыз қалуларына жол жоқ. Себебі құда түсу олардың үйленгенін білдірмейді. Бұл жай ғана екі жақтың екі жасқа шаңырақ көтеруіне келісім беруі. Адам баласы пендешілікпен уәдесінен тайып кетуі мүмкін. Сондықтан осыны ескере отырып, неке қиылып, дініміз бойынша екі жасқа ерлі-зайыпты деген үкім тағылмайынша, екі жақтың да сақтықпен әрекет еткені абзал.

 

www.islam.kz

Бүгін – Ораза айт мейрамы

Бүгін – Ораза айт мейрамы

Бүгін 29 тәулікке созылған айлардың сұлтаны қасиетті Рамазан аяқталып, әлемдегі барлық мұсылман қауым үшін Ораза айт мейрамы басталды.

 

Осыған орай таңмен таласа еліміздің барлық мешітінде айт намазы оқылды. Бұл күні жамағат айт мейрамын тойлап, осы күнге аман-есен жеткендеріне шүкіршілік етіп, бір-біріне ізгі тілектерін білдіреді. Алдағы 3 күнде әрбір мұсылманның шаңырағында дастархан жайылып, қонақтар шақырылады. Бұл күндері қайырымды іс жасаған әрбір мұсылманға үлкен сауап жазылады. Сонымен қатар жоқ-жітік пен жетім-жесірге қол ұшын созған дұрыс. Себебі қасиетті Рамазан береке мен бірлік, қайырымдылықтың айы болса, Ораза айт адамдардың жан дүниесін қуанышқа бөлейтін ұлық мереке деп саналады.

 

www.24.kz

 

Алматыда Рамазан айының құрметіне орай мерекелік рухани кеш өтті

Алматыда Рамазан айының құрметіне орай мерекелік рухани кеш өтті

Алматыда «Студенттер» сарайында Рамазан айының құрметіне «Өнер қырандары» театрының «Берекелі-мереке» атты рухани патриоттық кеші өтті.

 

Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының төрағасы, Бас мүфти Ержан қажы Малғажыұлының бастамасымен тұңғыш рет ұйымдастырылған рухани кеш халықтың көңілінен шықты.

 

Рухани кешке белгілі өнер жұлдыздары «Заман» тобы, «Нұр-Мұқасан» тобы, «Сұңқар» тобы, белгілі әнші Қанатбек Полатбек пен Ринат Төре қатысып, мағыналы діни әндер мен жырлар орындады.

 

«Бұл игі шара қасиетті Рамазан айының қарсаңында Бас мүфтидің бастамасымен алғаш рет ұйымдастырылып отыр. Әлем елдері қасиетті Рамазан айын қуанышпен қарсы алып, оны құрметпен қимастықпен шығарып салады. Олай болса, рухани кешті ұйымдастырудағы басты мақсатымыз – Рамазан айын ерекше ықыласпен қарсы алу. Алла Тағала бұл айда ұстаған оразаларымыз бен жасаған салихалы амалдарымыздың сауабын арттырып, елімізге берекесін, мол ризығын жаудырғай», – деді кеш барысында сөз сөйлеген ҚМДБ «Жалпы және жастар ісі» бөлімінің меңгерушісі Алтынбек Ұтысқанұлы.

 

www.muftyat.kz

 

Қазақ хандығының 550 жылдығы қарсаңында Ислам хрестоматиясы басып шығарылады

Қазақ хандығының 550 жылдығы қарсаңында Ислам хрестоматиясы басып шығарылады

Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының Ғұламалар Кеңесінде Қазақ хандығының 550 жылдық мерейтойы қарсаңында қазақ топырағында сан ғасырдан бері жалғасып келе жатқан дәстүрлі дініміздің асыл құндылықтары туралы арнайы ғылыми Ислам хрестоматиясын шығару қажеттігі айтылды.

Бас мүфти Ержан қажы Малғажыұлының бұл бастамасын Ғұламалар Кеңесінің мүшелері бір ауыздан қолдады. Ғылыми кітапқа ортағасырлық кезеңдегі, қарахандықтар, Алтын Орда – Қыпшақ дәуіріндегі, Қазақ хандығы тұсындағы діни еңбектер, дастандар мен рухани шығармалар енеді.

«Ислам хрестоматиясын шығарудағы мақсатымыз – өткеннен сабақ алу, жастарды имандылыққа, адамгершілікке, ізгілікке, бірлікке, Отансүйгіштікке тәрбиелеу», – дейді ҚМДБ төрағасы Ержан қажы Малғажыұлы.

Кеңес отырысында Ислам хрестоматиясы қасиетті Рамазан айында шығарылатыны айтылды.

 

www.bnews.kz

Италияда алғашқы Ислам университеті ашылды

Италияда алғашқы Ислам университеті ашылды

Италия мемлекетінің Лечче қаласында алғашқы Ислам университеті ашылды. Оқу ордасының ашылуына осыдан үш жыл бұрын мұсылмандықты қабылдаған Джампьеро Халед Паладини есімді кәсіпкер демеуші болған.

Үстіміздегі жылдың қазан айынан бастап Ислам университетінде дінтану сабақтары оқытыла бастайды. Жуырда университетте медицина және ауылшаруашылық факультеттерін ашу жоспарланып отыр. Сондай-ақ, университет басшылығы кішігірім студенттер қалашығын тұрғызуды да жақын арадағы жоспарға енгізіп қойған. Осылайша, барлық құрылыс жұмыстары аяқталған соң, оқу ордасы 5 000 студентке дейін қабылдайтынын жеткізді.

 

www.muslim.kz

Алматыдағы «Нұр-Мүбарак» университетінде Ислам экономикасы факультеті ашылады

Алматыдағы «Нұр-Мүбарак» университетінде Ислам экономикасы факультеті ашылады

Алматы қаласында 2016 жылдан бастап «Нұр-Мүбарак» Египет ислам мәдениеті университетінде Ислам экономикасы факультеті ашылады. Бұл туралы Алматыда өткен «Қазақстан-Мысыр ынтымақтастығы: бүгіні мен келешегі» атты халықаралық ғылыми конференцияда аталмыш университеттің ректоры, профессор, доктор Жуда Абдулғани Басюни мәлімдеді.

Оның айтуынша, қазір бұл мәселе ҚР Білім және ғылым министрлігінде талқылануда.

«Қазір университетте үш факультет жұмыс істейді. Олар – Дінтану, Исламтану және Шетел филологиясы факультеттері. Алдағы жылдан бастап, Ислам экономикасы факультетін ашуды көздеп отырмыз. Осы жаңа бағыт бойынша мамандар даярланатын болады. Қазір бұл мәселе министрлік деңгейінде талқыланып, нақтылана түсуде», - деді Жуда Абдулғани Басюни.

Айта кетелік, конференция барысында екіжақты дипломатиялық қарым-қатынастың өзекті мәселелері мен жетістіктері, халықаралық саясаттағы екі елдің өзара әрекеттестігі және көнеден қалыптасқан тарихи-мәдени байланыстары ғылыми тұрғыда жан-жақты талқыланды.

 

www.inform.kz

Тәңіршілдік философиясының қазақ дүниетанымындағы маңызы

Тәңіршілдік философиясының қазақ дүниетанымындағы маңызы

Тәңіршілдік – дәстүрлі түркілік дүниетанымының бастауындағы діни сенім. Ғалымдардың айтуынша, «тәңір» сөзі Орталық Азия топырағында пайда болды.

Біз тәңірлік танымды қалай түсінеміз? Бұл көшпенді халықтың түп-тамыры ма? Бағдарламаға келген қонақтар тәңіршілдік философиясының қазақ дүниетанымындағы маңызы мен рөлін талқыға салмақ.

Студия қонақтары – ақын, мәдениеттанушы Оралтай Біләлов және Р. Сүйлейменов атындағы Шығыстану институтының жетекші ғылыми қызметкері, филология ғылымдарының кандидаты Нәпіл Базылхан.

Бүгінде еліміздің діни ахуалы қандай?

Бүгінде еліміздің діни ахуалы қандай?

Қазақстан зайырлы мемлекет болғандықтан, барлық діни бірлестіктер заң алдында тең, құқы бірдей. Сол секілді Қазақстан азаматтары да дін ұстану құқы жағынан тең. Бүгінде еліміздің діни ахуалы қандай? Қазақ дәстүріне қайшы келетін түрлі діни ағымдар біз үшін қаншалықты қауіпті? Көпшілікті алаңдататын мұндай мәселелердің алдын алу және күресу жолында Дін істері жөніндегі ғылыми-зерттеу және талдау орталығы жұмыс істейді. Негізгі мақсаты – Қазақстандағы діни ахуалдың даму үдерістерін бақылау. Студия қонағы – Орталық директоры Айнұр Әбдірәсілқызы.