Біржаннан қалған мұра

Біржан сал әншілік, ақындық, орындаушылық өнерде де өз үн-бояуымен, өз әуенімен жеке-дара өнерпаз болғандықтан, оның айналасына халықтың таңдаулы ақын, әншілері, өнерпаздары топталып, ақынды ұстаз тұтқан. Бұлардың бір тобы Біржан салдың әншілік, ақындық, композиторлық өнерін өздерінің шығармашылығы арқылы дамытса (Жаяу Мұса, Ақан сері, Қанапия, Балуан Шолақ, Үкілі ЬІбырай т. б.), енді бірқатары оның ән шығармашылығы, орындаушылық өнерін, халық арасына кеңінен таратушы, насихаттаушы болды (Құлтума, Жарылғапберді, Ғазиз т. б.). Біржан салдың ізін қуған осындай өнерлі адамдар арқылы біздің заманға оның 44-ке жуық әні жетті.