«Астана аруы» Түркияда өткен байқауда Top Model атанды

«Астана аруы» Түркияда өткен байқауда Top Model атанды

«Астана аруы-2013» Әйгерім Смағұлова Түркияда өткен халықаралық Princess of the Globe-2015 байқауына қатысты, - деп хабарлайды Tengrinews.kz тілшісі. Ару үздік Топ-модель титулын жеңіп алды (Top Model).


Модельдің айтуынша, байқау жағымды әсер қалдырған.
Қыздар байқауға қызу дайындалып қана қоймай, елді аралап, демалыпты. «Қалжырататындай дайындықтар, таңертең 5 немесе 6-да тұру болған жоқ. Бізге демалатын, жағажайға баратын уақыт берілді. (...) Сонымен қатар, бұл жерде балалар арасындағы байқау өтіп жатыр. Біз балалармен достасып, олармен бірге таңғы, түскі және кешкі асқа барамыз. Байқауға барғаным үшін қатты қуаныштымын», - деді Әйгерім Смағұлова.

 

Айта кетейік, Әйгерім Смағұлова «Астана аруы-2013» байқауының жеңімпазы. Сол жылы ол Астананың атынан «Қазақстан аруы» байқауына қатысып, ТОП-7-ге кірді. Таяуда «Азия аруы» атанды.

Байқауға әлемнің 25 елінен келген қыздар қатысты. Princess of the Globe-2015 байқауы 10 күнге жалғасты. Бұл байқауда украиналық Яна Равликовская жеңіске жетті.

Ыстамбұлда ТҮРІКСОЙ опера күндерінің фестивалі өтті

Ыстамбұлда ТҮРІКСОЙ опера күндерінің фестивалі өтті

Ыстамбұлда дәстүрлі ТҮРІКСОЙ опера күндерінің фестивалі өтті. Концерт Түркия және Кипр сахналарында қойылды.

 

 

XXII Халықаралық опера және балет фестивалінің қорытынды концерті Анталиядағы көне Аспендос театрында болды. Онда әйгілі Моцарт, Верди, Беллини сияқты композиторлармен бірге түріктің заманауи шығармалары да шырқалды. Биылғы фестивальдің өзіндік ерекшелігі бар. Бұл жолы балет әртістері де өнер көрсетті. Қазақстан мемлекеттік «АстанаОпера» театрының әншілері Хачатурянның «Спартак» балетіндегі «Адажионы» орындады. Жыл сайын ТҮРІКСОЙ фестивалі өз қойылымдарын түркі әлеміне белгілі тұлғаларға арнайды. Былтырғы концерт қазақтың ұлы композиторы Мұқан Төлебаевқа арналған болатын. Ал биыл қырғыздың дарынды опера әншісі, талай сахнаның жарық жұлдызына айналған Болат Мыңжылқиевқа арналды.

 

www.24.kz

Луина түркиялық шоудың келесі кезеңіне өтті (БЕЙНЕ)

Луина түркиялық шоудың келесі кезеңіне өтті (БЕЙНЕ)

Түркияда «Rising Star» орындаушылар шоуында бағын сынап жатқан Қазақстанның танымал жұлдызы Луина әдемі даусымен қазылар алқасының жүрегін жаулап, келесі кезеңге еш қиындықсыз өтті.

 

«Достар, қолымыздан келді! Барлықтарыңызға алғыс айтамын! Маған төртеуі де «иә» деп жауап берді», - деп қуанышымен бөлісті әнші өзінің Инстаграм әлеуметтік желісіндегі аккаунтында.

 

www.bnews.kz

ХҚТУ Түркия мен Еуропаның үздік 25 оқу орнына жолдама үлестірді

ХҚТУ Түркия мен Еуропаның үздік 25 оқу орнына жолдама үлестірді

А.Ясауи атындағы Халықаралық қазақ-түрік университетінде «Мәулана», «Академиялық ұтқырлық» бағдарламасы бойынша 400 студентті шығарып салу салтанатты рәсімі өтті.

 

Елбасы Н. Назарбаев Түркі Кеңесінің V саммитінде сөйлеген сөзінде Қожа Ахмет Ясауи атындағы Халықаралық қазақ-түрік университетін Түркі әлемінің ортақ оқу орнына айналдыруды ұсынған болатын.

 

Қазіргі таңда Ахмет Ясауи университеті қабырғасында 1200-ден астам Түркі дүниесінен келген жастар білім алып жатыр. Оқу орны өз миссиясына тән жыл сайын түркі әлемінің 15 елінен 28 ұлт пен ұлыстың білімді жастарын оқуға қабылдап келеді. Бүгінде университетте 8000-ға жуық студент білім алады.

 

Болон үдерісіне енген әлем университеттері арасында академиялық ұтқырлық бойынша студенттер алмастыру бүгінде үлкен маңызға ие болып отыр. Осы ретте Болон үдерісіне енген Ахмет Ясауи университеті де жыл сайын шетелдік үздік оқу орындарына білімді студенттерді жіберуде.

 

Олар Түркия Республикасының үздік 25 ЖОО-да ағылшын және түрік тілдерінде дәріс тыңдайды.

 

www.iktu.kz

Астанада Түркі кеңесі елдерінің білім министрлері бас қосады

Астанада Түркі кеңесі елдерінің білім министрлері бас қосады

4 қыркүйекте өтетін Түркітілдес мемлекеттердің ынтымақтастық Кеңесінің Білім министрліктерінің жоғары лауазымды тұлғаларының V кездесуіне Әзірбайжанның, Қазақстанның, Қырғызстанның, Түркияның білім беру саласының 26 басшысы және Түркі кеңесінің өкілдері қатысады.

 

Ал 5 қыркүйекте Түркі кеңесінің білім министрлерінің IV Отырысы өтеді.

 

Кеңестің қатысушылары бағдарламалардың мазмұны және жалпы түркі тарихы оқулықтарын дайындау (15 ғасырға дейінгі кезең және 15 ғасырдан 21 ғасырға дейінгі кезең аралығы), география мен әдебиет бойынша бірқатар мәселелерді талқылайды. Қазір оқулықтар әзірлену сатысында, мүше-елдер бағдарламаны қайта қарау және мазмұны туралы өз ұсыныстарын енгізуде. Өңдеу аяқталғаннан кейін оқулықтар мектеп бағдарламасына енгізіледі.

 

Түркі кеңесі елдерінің өкілдері одан әрі орта мектептер мен жоғары оқу орындарының студенттерін алмастырудың бағдарламасын және қаржылық жағын қарастырады. Түрік Республикасы осы жобаны іске асырушы алғашқы мемлекет болмақ. Сондай-ақ, білім беру саласының басшылары Түркі академиясы мен Түркі тілдес елдер университеттерінің Одағы арасындағы ынтымақтастықтың шарттарын және басқа да мәселелерді талқылайды.

 

www.baq.kz

Түркияда жер астынан 2000 жыл бұрынғы сауда орталығы табылды

Түркияда жер астынан 2000 жыл бұрынғы сауда орталығы табылды

Түркияның Сагаласос атты ежелгі қаласынан 2200 жылдық сауда ғимараты табылды, деп хабарлады trt.net.tr сайты.

 

Ғимараттың ұзындығы 30 метр, ені 15 метр. Археологтардың болжамына қарағанда төменгі қабаты салқын қойма ретінде қолданылған, ал ғимараттың жоғарғы қабаты жиналыс өткізу үшін салынған.

 

Топырақ астында қалғандықтан ғимарат жақсы сақталған.

 

Қазіргі уақытта ежелгі қала орнындағы қазба жұмыстары жалғасуда. 

 

www.kazmuseum.kz

Түркияда 18 мемлекеттен келген суретшілер бас қосты

Түркияда 18 мемлекеттен келген суретшілер бас қосты

Түркияның Ақсарай қаласындағы «ТҮРКСОЙ» Түркі мәдениетінің халықаралық ұйымы суретшілерінің 18-ші пленэрі 18 мемлекеттен келген суретшілердің басын қосты. Бұл туралы ҚР Мәдениет және спорт министрлігінің баспасөз қызметі хабарлады.

 

Қатысушылардың жұмыстары қойылған көрменің ашылуында қала мэрі Халюк Шахин Язгы мұндай шара Ақсарай үшін маңызды екенін айтты. Оның пікірінше, бұл жерде жасалған жұмыстарды ТҮРКСОЙ бүкіл әлемге көрсетеді, ал бұл өз кезегінде Ақсарай мәдени мұралары мен ескерткіштерін бүкіл әлемге паш етуге септігін тигізеді.

 

«ТҮРКСОЙ суретшілерінің кездесуі 18 жыл бойы ТҮРКСОЙ шаралары күнтізбесінде маңызды орын алады. Бұл кездесулердің шығармашылық атмосферасы көркемдік алмасу мен мәдениеттердің өзара баюына ықпалын тигізеді. Бірлескен жұмыс кезінде пайда болған туындылар ТҮРКСОЙ қорында сақталады. Ол бүкіл әлемде көрмеге шығарылып, көптеген адамдарды түркі мәдениетімен таныстырады», - деді ТҮРКСОЙ бас хатшысыДүйсен Қасейінов.

 

Екі апта бойы түркі елдерінің суретшілері көрмеге 100-ден астам туынды жасап, ұсынды. Көрме қала тұрғындары мен БАҚ өкілдерінің қызығушылығына бөленді.

 

ТҮРКСОЙ суретшілерінің 18-ші пленэріне Мушвик Әлиев (Әзірбайжан), Абдулхан Тілеужанов (Қазақстан), Бектен Усубалиев (Қырғызстан), Бегенех Беркелиев және Ходжа Мухаммед Чуриев (Түркменістан), Рахме Манастырлы (Солтүстік Кипр), Аржан Иутеев (Алтай, Ресей), Ралиф Ахметшин (Башқұртстан, Ресей), Вячеслав Кученов (Хакасия, Ресей), Петр Новаков (Гагаузия, Молдова), Сардана Даваесенге (Саха-Якутия, Ресей), Григорий Эйдинов (Татарстан, Ресей), Светлана Сидорова (Чувашия, Ресей), Орхан Исмаил (Болгария), Эмель Махмут (Македония), Мерима Ивкович (Босния), Этхем Баймак (Косово), Габриэле Шаффарцик (Германия), Мустафа Диглер, Хюсню Качмаз және Мустафа Джеват Аталай (Түркия) сынды қылқалам шеберлері қатысты.

 

Түркия астанасында «Қазақстан күндері» өтті

Түркия астанасында «Қазақстан күндері» өтті

Бауырлас 2 елдің мәдени байланыстарын нығайтуға бағытталған айтулы шараға Кэчиөрен ауданының мэрі Мұстафа Ақ пен «ТҮРКСОЙ» Халықаралық ұйымының Бас хатшысы Дүйсен Қасейнов, Түркияның қоғам қайраткерлері мен зиялы қауым өкілдері және қазақ диаспорасының өкілдері қатысты.

 

Жиылған жұртшылық шара аясында арнайы ұйымдастырылған көрмені тамашалап, қазақ халқының салт-дәстүрі мен ұлттық өнерін жақыннан тануына кең мүмкіндік алды.

 

Қазақстанның Түркиядағы елшілігінің ұйымдастыруымен өткен салтанатты шарада Алматы облысының өнерпаздары Сүйінбай Аронұлының 200 жылдық мерейлі мерекесіне арнап, концерттік бағдарлама қойды. Сондай-ақ, жетісулық «Сүйінбай сазы» фольклорлық-этнографиялық ансамблінің халық әндерінен тұратын топтамасы мен классикалық шығармаларына анкаралықтар ерекше қошемет білдірді.

 

Кечиөрен ауданының орталық алаңына киіз үй тігіліп, онда қолөнер бұйымдары мен қазақ халқының ұлттық киім үлгілері ел-жұрттың назарына ұсынылды. Көрмеде елшіліктің түрік тіліне аударған қазақтың ақын-жазушыларының еңбектері мен Елбасының кітаптары да қойылды.

 

 

www.khabar.kz


 

«Жігітті қызға айналдырған» түлекке Түркия жоғары оқу орны грант беруге дайын

«Жігітті қызға айналдырған» түлекке Түркия жоғары оқу орны грант беруге дайын

Биылғы ҰБТ кезінде ең бір есте қалған «қызға айналған» жігіт оқиғасы қайта жалғасын тапты. Сынаққа өзінің орнына юбка кигізіп, бетін бояп басқа жігітті кіргізген Жетісайлық түлекке Анталиядағы Туризм академиясының ректоры тегін білім грантын беруге дайын, деп хабарлайды 31-арна

 О заман да, бұл заман, тестілеуден құлаған қызға тегін білім грантын беріп жатқан Түркиялық ректордың мұндай жомарттылығына күдікпен қарап отырғандар да көп. Дегенмен, түлекке жоғары білім алу үшін көмектескісі келетін айтқан Академия басшысы мұндай шешімін былай деп түсіндірді.

«Біздің академияда негізінен грант тек халықаралық олимпиаданың жеңімпаздарына ғана беріледі. Алайда, ҰБТ-дан өту үшін осындай қадамға барған қызға көмектескім келді. Өйткені, бізде оқитын қазақстандық студенттер өте көп. Сіздердің телеарналарыңыз арқылы байланысқа шығады деп үміттенемін. Егер хабарламамды тыңдап отырсаңыз, академияға хабарласыңыз», - деді Анталиядағы Туризм академиясының ректоры Зафер Биккеноғұлы.

Алайда, ректордың назарына іліккен Жетісай қаласындағы №4 мектептің түлегі бұл ұсынысқа қалай қарайтыны әлі белгісіз. Қыздың өзін таба алмадық. Облыстық білім мекемесінің өкілдері де қызбен байланысқа шығуды қарастырып жатқандарын жеткізді.

Ал, әлеуметтік желіде фотосы кеңінен тараған Аян Жәрдемовке жаза ретінде 400 мың теңге айыппұл салынған болатын. Айта кетейік, Анталиядағы Туризм академиясындағы бір жылдық оқу ақысы кемінде бес мың еуроны құрайды екен.

Ал, бұрынғы Білім және ғылым вице-министрі әрі белсенді блогер Мұрат Әбенов: «Бұл студенттердің қатарын көбейту үшін дәрежесі төмен, беделі жоқ жоғары оқу орнының жарнама әдісі ғана болуы мүмкін. Ата-аналар арандап қалмаңыздар», - деп жеке парақшасында жазба қалдырған. 

 

bnews.kz


Түркияда тұңғыш рет қазақтардың «Жаз» фестивалі өтті

Түркияда тұңғыш рет қазақтардың «Жаз» фестивалі өтті

Оған биыл Анадолыдағы қандастарымызбен бірге Еуропаның бірқатар елдерінен арнайы келген қазақ диаспоралары қатысты.

 

 

Бір қызығы, бұл шара Алтай ауылындағы 5 қыздың әлеуметтік желіде көтерген бастамасымен ұйымдастырған. Енді көпшілік қауым бұл фестиваль жыл сайын Алтайдың көк жайлауына шетелдегі қазақтардың басын қосатын дәстүрлі шараға айналуын тілейді. Әсіресе, бұны жастар жағы қолдап отыр.

 

 

Ыстамбұлдағы домбыра үйірмесінің шәкірттері күй орындаудан жарысып, өнерлерімен жиылған жұртты тәнті етті. Фестивальде Қазақстаннан арнайы шақырылған әншілерде өнер көрсетті.

 

www.khabar.kz