Ежелгі Тараз

Ежелгі Тараз

Сан ғасырлық тарихы бар Тараз қаласының ішіне бүккен құпиясы көп. Ежелгі қазақ жерінде мәдениет, саяси-билік құрылымын қалыптастырған орда болды. Демек, Қазақ  хандығының 550 жылдығының да осы өңірде ерекше аталап өтуінің астарында осындай мән бар. Облыстың тарихы, экономикасы, халқы секілді өзекті мәліметтер мен қызықты деректерді осы бағдарламадан таба аласыз

Таразда археологтар алтын және күміс заттардың ежелгі қазынасын қазып алды

Таразда археологтар алтын және күміс заттардың ежелгі қазынасын қазып алды

Ежелгі Тараз қалашығын қазуда 97 алтын және күміс заттар табылды. Бұл туралы «Ежелгі Тараз ескерткіштері» мемлекеттік тарихи-мәдени қорық-мұражайының директоры, танымал жамбылдық тарихшы Тәкен Молдақынов мәлім етті.

 

«Ежелгі қалашықты қазу аумағында 2,5 метр тереңдіктен «Қазархеология» ЖШС жұмысшылары 97 қымбат заттар салынған қыш құмыра тауып алды, - деп әңгімеледі Т. Молдақынов. - Бұлар негізінен әйелдер әшекейлері, сырға, алқалар, әйелдер қамзолдарын әшекейлейтін ұсақ металдар, құймалар, сондай-ақ үлкен білезіктер. Екі алтын және алты күміс білезік қымбат тастармен безендірілген».

 

Т. Молдақыновтың айтуынша, барлық табылған заттар мұқият есептеліп, суретке түсіріліп алынған және құжатталған. «Сірә, бұл жасырылып көмілген қазына болса керек. Құмыра жарылып, бүлінген, бірақ ішіндегі заттары сақталып қалған», - деп түсіндірді тарихшы, оның пікірінше, табылған олжа ХІІ ғасырдағы Қараханидтер дәуіріне жататын болуы мүмкін, бұл ежелгі Тараздың гүлденген кезі. Қазір олжа Алматыда зертханалық зерттеуден өткізілуде.

 

Сонымен қатар қалашықты қазуда үлкен ежелгі ыдыстар да табылған. Таразда саз топырақты жыныстар мол, бұл әсіресе қыш ыдыстар жасауда өте бағалы. Сондықтан да мұнда қыштан көптеген заттар жасалған. Табылған жәдігерліктер  жаңғыртылып, жаңа «Ежелгі Тараз» мұражайынан лайықты орын  алмақ. Ең бастысы, табылған ежелгі қала ғимараттарының іргетасы мен қабырғалары Ұлы Жібек жолы бойында дамыған қала өмір сүргенін дәлелдейді, бұл туралы тарихи құжаттар да бар», - дейді Молдақынов.



Еске сала кетейік, Таразда Қазақ хандығының 550 жылдығын мерекелеу кезінде республикалық маңыздағы тарихи ескерткіш - «Ежелгі Тараз» археологиялық паркі ашылды, оның аумағында бақылау мұнарасы, «Тараз саздары» стеласы, «Мыңбұлақ» гүлзары орналасқан. «Ежелгі Тараз» паркі облыстың халықаралық туристік бренді болмақ, бұл нысан ЭКСПО-2017 Бүкіләлемдік көрмесіне келетін қонақтар болатын орындар қатарына енгізілді.   

 

inform.kz

Тараз қаласында «Ежелгі Тараз» музейі ашылды

Тараз қаласында «Ежелгі Тараз» музейі ашылды

Тараз қаласында Елбасының қатысуымен Қазақ хандығының 550жылдық мерейтойының негізгі шараларының ашылуы өтеді. Мерекелік іс-шаралар аясында Н. Ә. Назарбаев «Ежелгі Тараз» музейінің, «Қазақ хандығына 550 жыл» ескерткіш-монументтің ресми ашылуына қатысып, «Тараз қалашығы» республикалық маңызы бар тарих және мәдениет ескерткішіне барды.

 

Қазақ хандығының 550 жылдық мерейтойы аясында биыл Тараз қаласының орталығындағы «Тараз қалашығы» республикалық маңызы бар тарих және мәдениет ескерткішіне археологиялық зерттеулер, консервациялау жұмыстары жүргізіліп, оның аумағында «Ежелгі Тараз» жаңа музейі бой көтерді.

 

Ескерткіш аумағындағы археологиялық зерттеу жұмыстары жүргізілгеннен бері археологтар бірқатар қалалық құрылыс нысандарының орындарын тапты. Сонымен қатар, осы жерден Қазақстанның ортағасырлық қалаларының ешбірінде табылмаған көлемді алтын, күміс, қола бұйымдары бар құнды қазыналары (әшекейлер) қазып алынды.

 

Осы аумақта табылған құнды жәдігерлер жаңадан салынған «Ежелгі Тараз» музейіне қойылды. Тараз қаласы мен өңірінің 2000 жылдық тарихын көрсететін бұл музейден ежелгі, ортағасырлар (соның ішінде Қазақ хандығы дәуіріне), Әулиеата, Кеңес Одағы және Тәуелсіз Қазақстан кезеңіне жататын құнды жәдігерлерді табуға болады.

 

Археологиялық паркпен бір кешенде орналасқан «Ежелгi Тараз» музейі халықаралық тас жолы бойындағы Тараз қаласының экономикалық және мәдени орталық ретінде дамуына негіз болады. Бұл өз кезегінде қалада туристік саланың дамуына, ежелгі Тараз қаласының мәдени мұра нысандарын маңызды туристік бағыттарға қосуға септігін тигізеді.

 

www.mks.gov.kz

Таразда ақын қандастарымыздың қатысуымен айтыс өтеді

Таразда ақын қандастарымыздың қатысуымен айтыс өтеді

Тараздағы Қазақ хандығының 550 жылдығын тойлауға арналған мәдени-бұқаралық шаралардың ауқымды бағдарламасына халықаралық ақындар айтысын өткізу еніп отыр. Бұл туралы Таразда баспасөз мәслихаты кезінде Жамбыл облысы әкімінің орынбасары Ерқанат Мәнжуов мәлім етті.

 

«8 қазан күні «Көне Тараз» мұражайы ашылып, Қазақ хандығының 550 жылдығына арналған кітаптар таныстырылатын болады. Сондай-ақ, «Баласағұн» ОКЗ-да екі күндік ақындар айтысы өтеді. Онда Қазақстан, Моңғолия, Қытай және Өзбекстаннан келген 14 жұп ақын өнер көрсетеді»,-деді Е.Мәнжуов.

 

Айта кетейік, Қазақ хандығының 550 жылдығын мерекелеу биылғы жылы елдің барлық өңірлерінде өтуде. Бұдан 550 жыл бұрын Жайсаң шатқалында, Талас және Шу өзендерінің аралығында Керей және Жәнібек сұлтандар Қазақ хандығының іргесін қалаған болатын, Жамбыл облысында, 7, 8, 9 қазан күндері осы айтулы мереке кең ауқымда аталып өтеді.

 

www.today.kz

Тараз қаласында С. Асфендияров атындағы ҚазҰМУ филиалы ашылды

Тараз қаласында С. Асфендияров атындағы ҚазҰМУ филиалы ашылды

Тараз қаласындағы медициналық колледж жанынан С.Д. Асфендияров атындағы Қазақ ұлттық медициналық университетінің филиалы ашылды.

 

Еске сала кетейік, Жамбыл облысы тұрғындарының денсаулығын жақсарту және денсаулық сақтау жүйесін медициналық кадрлармен қамтамасыз ету мақсатында 2015 жылдың шілде айында Жамбыл облысы әкімдігі мен С. Д. Асфендияров атындағы Қазақ ұлттық медициналық университеті өзара ынтымақтастық туралы екі жақты меморандумға қол қойған болатын.

 

Аймақтық филиалдың базасында университеттің профессорлық-оқытушылық құрамы жұмыс істейтін болады. Олар өз кезегінде тек оқу орнының студенттерін ғана емес, емдеу-алдын алу мекемелерінің қызметкерлерінің де біліктіліктерін арттырумен айналысатын болады.

 

www.today.kz

Қазақ хандығына 550 жыл: Таразда халықаралық ақындар айтысы өтеді

Қазақ хандығына 550 жыл: Таразда халықаралық ақындар айтысы өтеді

Қазақ хандығының 550 жылдығына орай ағымдағы жылдың 8 қазанында Тараз қаласындағы Баласағұн орталық концерт залында «Мәңгілік ел» халықаралық ақындар айтысы өтеді. Оған елімізден және Қытай, Моңғолия елдерінен барлығы 26 шаппа-шап сөз өнерлерінің шеберлері қатысады.

 

Айтыста Қазақ хандығының терең тарихы, хандар мен батыр-билердің қайталанбас ерліктері от ауызды, орақ тілді айтыскерлердің жырларына арқау бола отырып, өткен күн мен бүгіннің тарихи байланысы әдемі көрініс табады деп күтілуде. Сондай-ақ, Елбасының «Ұлы даланың перзенттеріміз» идеясы да жан-жақты жырланып, ақындардың тіліне тірек болады.

 

Шара 2 кезеңнен тұрады: іріктеу және финалдық кезеңдер. Айтулы Айнұр Тұрсынбаева, Еркебұлан Қайназаров, Айбек Қалиев, Ринат Зайытов, Мұхтар Ниязов және тағы басқа азуы алты қарыс айтыскер ақындармен қатар жамбылдық Нұрлыбек Құрманов, Қанат Мырзахан, Дархан Әбдіманат секілді жас талаптар да сөз сайысына түспек.

 

Айтысты ақын, Мұқағали Мақатаев атындағы сыйлықтың лауреаты Жүрсін Ерманның өзі жүргізіп отырады.

 

Әділқазылар құрамында белгілі сақа айтыскер ақындар, өнер майталмандары болады. Шара барысында Қазақ хандығының 550 жылдығына арналған «Ерліктің арқауы, елдіктің бастауы--Қазақ хандығы» атты жазба жас ақындарының республикалық жыр-мүшайрасының қорытындысы шығарылып, жеңімпаздар мен жүлдегерлер марапатталатын болады. 

 

www.baq.kz

Euronews кезекті сюжетін Айша Бибі кесенесіне арнады

Euronews кезекті сюжетін Айша Бибі кесенесіне арнады

Euronews телеарнасының Қазақстанның сәулетті жерлеріне арналған «Қазақстаннан ашық хат» деп аталатын айдарындағы кезекті танымдық сюжеті еліміздің Тараз қаласындағы ең әдемі кесенелерінің бірі, мәңгілік махаббат ескерткіші – Айша Бибі мазарына арналған. 

 

«Айша бибі кесенесін толық қалпына келтіру жұмыстары 2002 жылы басталған болатын. Мазардың өзінен бөлек оның айналысындағы бау-бақшалар да қалпына келтірілуде», – дейді Euronews-тен Симус Кирни.

 

Аңызға сәйкес, ежелгі билеуші Қарахан бұл кесенені өз сүйіктісі Айша Бибіге арнап тұрғызған. Жас бойжеткен өз туыстарының қарсылығына қарамастан, Қараханмен бірге болуға бел шешеді. Алайда, оны жылан шағып өлтіріп, ол сүйіктісіне жете алмай, арманда кетеді.

 

«Ортағасырлық Айша Бибі ескерткіші махаббат пен сенімге арналған, ол – қасиетті бойтұмар», – дейді гид Жемісбек Жадыраев.

 

Отбасылық өмірге жаңадан қадам басқан ғашықтардың осында келіп, Айша бибіге құрмет көрсетуі бүгінде дәстүрге айналған.

 

«Олар мұнда келіп, өз некелерінің мәңгілік болуы, ешқандай қиыншылыққа тап болмай, тату-тәтті өмір сүру үшін ниет етеді», – деді Ж. Жадыраев.

 

Мазар құрылысының ерекшелігі және ою-өрнектерінің әсемдігі талайды тамсандырады.

 

Euronews, сондай-ақ, Ұлы Жібек жолының ежелгі қаласы Түркістан жайлы, Астанадағы «Өмір ағашы» Бәйтерек жайлы және Алматының көзтартар таулы өлкелері жайлы сюжеттер түсірген болатын.

 

www.bnews.kz

 

«Ақмешіт» фольклорлық ансамблі Таразда өнер көрсетті

«Ақмешіт» фольклорлық ансамблі Таразда өнер көрсетті

Тараз қаласында республикалық «Қаратау сарыны» дәстүрлі музыка фестивалі өтті. Қазақ өнерін асқақтатқан шараға Қызылорда облыстық филармониясының «Ақмешіт» фольклорлық ансамблі және дәстүрлі орындаушы Күнсұлу Түрікпенова қатысты. Бұл туралы облыстық әкімдіктің баспасөз қызметі хабарлады.

 

Аталмыш фестиваль Тәуелсіз мемлекетіміздің саяси-рухани келбетін айшықты өрнектейтін ұлтымыздың мәдениеті мен өнерін дамыту жолында ҚР Президенті Н.Назарбаевтың «Нұрлы жол – болашаққа бастар жол» атты Жолдауына үн қосып, «Мәңгілік ел» ұлттық идеясын іске асыру, Қазақ хандығының 550 жылдығы және Конституцияның 20 жылдығы, Қазақстан халқы Ассамблеясы жылы мерекелеріне орай ұйымдастырылып отыр.

 

Фестивальдің негізгі мақсаты – ұлтымыздың музыка өнерін халыққа кеңінен насихаттап, асыл мұраны дәріптеу арқылы патриоттық сезімді қалыптастыру, жас ұрпақтың ата мұраға деген құрметін арттыру, дәстүрлі музыка арқылы халықтар достастығын жандандырып, басқа да облыс өнерпаздарымен шығармашылық байланыс орнату болып табылады.

 

Шараның ашылу салтанаты мен «Дәстүрлі күй мерекесінде» Жамбыл облыстық филармониясының қазақ ұлт-аспаптар оркестрі, «Алатау» фольклорлық ансамблі, Қызылорда облыстық филармониясының «Ақмешіт» фольклорлық ансамблі және дәстүрлі орындаушы Күнсұлу Түрікпенова өнер көрсетті.

 

Сондай-ақ, күй мерекесіне Н. Тілендиев атындағы мемлекеттік академиялық фольклорлық-этнографиялық «Отырар сазы» оркестрінің дирижері, ҚР еңбек сіңірген әртісі, Құрметті профессор Жалғасбек Бегендіков қатысты. Үшінші рет өткен қазақтың халық өнерін асқақтататын мерекелік думан дәстүрлі және эстрада әншілерінің концертімен өз мәресіне жетті.

 

www.inform.kz

 

Таразда жас ғалымдардың конференциясы өтті

Таразда жас ғалымдардың конференциясы өтті

Таразда «Жас ғалым – 2015» атты V Халықаралық ғылыми-практикалық конференциясы басталды. Тараз мемлекеттік педагогикалық институты оны еліміздегі жас ғалымдардың шығармашылық қабілетін шыңдау үшін екі жылда бір ұйымдастырады. Биылғы кеңес Қазақ хандығының 550 жылдығына арналып отыр. Бұл туралы аталмыш оқу орнының баспасөз қызметі хабарлады.

 

«Конференцияның басты мақсаты – жас ғалымдардың жасампаздық әлеуетін дамыту, оларды заманауи ғылымның маңызды мәселелерін шешуге белсенді түрде тарту, ғылыми-білім беру кеңістігін сақтау және дамыту.

 

Жиынның тағы бір көздегені – жас ғалымдардың өзара байланыс орнатуларына, тәжірибе алмасуларына ықпал жасау. Шараға еліміздің барлық аймағындағы және шетелдік 29 жоғары оқу орындары мен арнайы білім беру мекемелерінен 200-ден аса студенттер мен мектеп оқушылары келіп отыр» – деді ТарМПИ Тәрбие жұмысы және әлеуметтік мәселелер жөніндегі проректоры Орынқыз Жолдасова.

 

Биылғы конференция гуманитарлық және жаратылыстану ғылымдары бойынша өткізіледі. Аталған секциялар бойынша барлығы 110 ғылыми жұмыс келіп түскен.

 

Алдағы уақытта жасалған баяндамалар мен мақалалар топтастырылып, қорытынды жинақ ретінде шығарылады. Бұл өз кезегінде еліміздің ізденуші жастарына, ғылыми жұмыстармен айналысатын ғалымдарға және де инновациялық даму стратегиясын жоспарлап, жүзеге асырушылар үшін маңызды теориялық және әдістемелік көмекші құрал болмақ.

 

ҰБТ-2015: Тараздық оқушы 125 балл жинады

ҰБТ-2015: Тараздық оқушы 125 балл жинады

2 маусым күні елімізде 11 сынып түлектерінің ұлттық бірыңғай тестілеу науқаны басталған болатын. Алғашқы күннің нәтижесі бойынша 19 743 өтініш берген түлектен 18 889 (95,5%) тестілеуге қатысып, орташа балдың көрсеткіші 79, 7%-ды құрады. 100 балдан жоғары жинағандардың оқушылардың саны – 3 409. Бұл туралы Білім және ғылым министрлігі хабарлады.

 

Сынақтың бірінші күнінде Тараз қаласындағы № 45 классикалық қазақ гимназиясының түлегі Гүлназ Ердосова 125 балл жинады. 

 

«Тестіден өтуге өтініш берген 19 743 түлектің 18 889-ы (95,5%) тестілеуге қатысты. Тест кезінде тәртіп бұзған 27 түлек аудиториядан шығарылған. Тестілеу барысында 3 727 ұялы телефон, 3 894 шпаргалка, 83 калькулятор, 3 фотоаппарат, 5 рация, 12 роутер және 1 модем, барлығы – 7 725 тыйым салынған зат тәркіленді», - делінген баспасөз қызметінің ақпаратында.

 

Үш жарым мыңға жуық оқушы шекті деңгейден (50 балл) өте алмады.

 

Министрліктің ҰБТ ережесін бұзушылықтың алдын алу жөніндегі профилактикалық жұмысқа қарамастан Алматы және Оңтүстік Қазақстан облыстарында біреудің орнына дайындаған адамдар анықталып, тиісті шаралар қолданылды.