Тарихи суретте кім бейнеленген: Ақан сері ме, Біржан сал ма?

Тарихи суретте кім бейнеленген: Ақан сері ме, Біржан сал ма?

Ақан серінің сақталып қалған жалғыз суреті ұзақ жылдар бойы Біржан салдікі деп есептеліп келген еді. Алайда, бір күні музей директорына қарт журналист келіп, фотоның түпнұсқасын көрсетеді және оның қолына қалай түскенін баяндап береді. Қызығы сол, бұл суретті оған 1965 жылы бір кісі әкеліп бергенімен, фото белгісіз себептермен жоғалып кетеді. Тек арада 50 жыл өткен соң ғана суреттің түпнұсқасы табылады. Сонан соң әлгі кісі құнды жідігерді музейге әкеп тапсырады.

 

Шытырман оқиға мен құпияға толы Ақан сері суретінің тарихы туралы Ақмола облыстық тарихи-өлкетану музейінде анықтайтын боламыз.

Зергерлік өнер

Зергерлік өнер

Ақмола облыстық тарихи-өлкетану мұражайында сақтаулы тұрған экспонаттардың тарихы қай кезден бастау алады? Зергерлік бұйымдарға бай мұражайдың қандай құпиясы бар? Қазақ халқында зергерлер қасиет қонған тұлғалар ретінде құрметтелді. Көкшетау жерінен де кезінде сондай көптеген зергерлер шыққан. Ендеше, өнердің биігі саналатын әрі нағыз еңбекті талап ететін зергерлік өнер мен қазақ шеберлерінің қолдан жасаған бұйымдары туралы бағдарлама барысында көре аласыздар. 

Құнды жәдігерлердің киесі

Құнды жәдігерлердің киесі

Бағдарламаның бұл шығарылымында Алматыдағы Ықылас Дүкенұлы атындағы музыкалық аспаптар музейінде сақтаулы ерекше экспонатқа қатысты оқиға баяндалады. Сюжет 80-жылдардың басында музейде жұмыс істеген бұрынғы күзетшінің айтып берген оқиғаның желісімен түсірілген. Онда ұлы тұлғаның музыкалық аспабын қорлаған адамның нендей қиыншылықтар мен жазаға тартылғаны, сондай-ақ, тағдыры қалай күрт өзгеріп, бұдан қандай сабақ алғаны сипатталады. 

Алматы қаласының тарихы

Алматы қаласының тарихы

Әйгілі Алматының апорты қайдан пайда болды? Шаһардың танымал бағбаны түсінде нені көреді? XX ғасырдың соңында Алматыда француздарды тамсандырған не нәрсе? 100 жылдан астам уақыт өтсе де, осы уақытқа дейін Эдуард Баум қалаға қалайша көмектесіп келеді? Баум ағаштары туралы не білесіз? Алматы қаласының тарихы мен өткені жайында «Музей құпиялары» бағдарламасының осы көрсетілімінен толығырақ біле аласыздар. 

Тараз қаласында «Ежелгі Тараз» музейі ашылды

Тараз қаласында «Ежелгі Тараз» музейі ашылды

Тараз қаласында Елбасының қатысуымен Қазақ хандығының 550жылдық мерейтойының негізгі шараларының ашылуы өтеді. Мерекелік іс-шаралар аясында Н. Ә. Назарбаев «Ежелгі Тараз» музейінің, «Қазақ хандығына 550 жыл» ескерткіш-монументтің ресми ашылуына қатысып, «Тараз қалашығы» республикалық маңызы бар тарих және мәдениет ескерткішіне барды.

 

Қазақ хандығының 550 жылдық мерейтойы аясында биыл Тараз қаласының орталығындағы «Тараз қалашығы» республикалық маңызы бар тарих және мәдениет ескерткішіне археологиялық зерттеулер, консервациялау жұмыстары жүргізіліп, оның аумағында «Ежелгі Тараз» жаңа музейі бой көтерді.

 

Ескерткіш аумағындағы археологиялық зерттеу жұмыстары жүргізілгеннен бері археологтар бірқатар қалалық құрылыс нысандарының орындарын тапты. Сонымен қатар, осы жерден Қазақстанның ортағасырлық қалаларының ешбірінде табылмаған көлемді алтын, күміс, қола бұйымдары бар құнды қазыналары (әшекейлер) қазып алынды.

 

Осы аумақта табылған құнды жәдігерлер жаңадан салынған «Ежелгі Тараз» музейіне қойылды. Тараз қаласы мен өңірінің 2000 жылдық тарихын көрсететін бұл музейден ежелгі, ортағасырлар (соның ішінде Қазақ хандығы дәуіріне), Әулиеата, Кеңес Одағы және Тәуелсіз Қазақстан кезеңіне жататын құнды жәдігерлерді табуға болады.

 

Археологиялық паркпен бір кешенде орналасқан «Ежелгi Тараз» музейі халықаралық тас жолы бойындағы Тараз қаласының экономикалық және мәдени орталық ретінде дамуына негіз болады. Бұл өз кезегінде қалада туристік саланың дамуына, ежелгі Тараз қаласының мәдени мұра нысандарын маңызды туристік бағыттарға қосуға септігін тигізеді.

 

www.mks.gov.kz

Алматыда жаңа музей ашылды

Алматыда жаңа музей ашылды

Қазақ ұлттық аграрлық университетінің 85 жылдығы аясында еліміздің ғылым саласының дамуына айрықша үлес қосқан көрнекті ғалым, тағылымды ұстаз, техника ғылымдарының докторы, профессор, Қазақстан су шаруашылығының білгірі, Қазақ КСР-інің еңбек сіңірген ғылым қайраткері Лашқар Есенқұлұлы Тәжібаевтың 100 жылдығына орай мемориалдық музейінің  салтанатты ашылу рәсімі өтті, деп хабарлайды kazmuseum.kz тілшісі.

 

Музейдің ашылуына еліміздегі аграрлық саланың ғалымдары, ауыл шаруашылығымен айналысатын компаниялар әкімшілігі мен ғылыми-зерттеу институттарының басшылары, шаруашылық жетекшілері, өзге де білікті мамандар, ҚазҰАУ оқытушы-профессорлары мен ғалымның туыстары қатысты. Салтанатты жиынды құттықтау сөзбен ашқан университет ректоры, академик Тілектес Есполов Лашқар Есенқұлұлының өмір жолы мен еңбегі жайында кең-көлемді баяндама жасады:

 

- Заман өзгеріп, қоғам алға жылжып, ғылым өркендеген сайын әрбір ізденіс пен нәтижелі еңбектің бастауында тұрған тұлғалардың қадыр-қасиеті арта түсетіні заңдылық. Өз ісіне жан-тәнімен беріліп, ұтқыр ұйымдастырушылық қабілеттерімен қатар біліктілігі мен іскерлігін, жауапкершілік пен сауаттылығын, ізгілік пен телегей теңіздей білімін кейінгі ұрпақтың ой-санасына сіңіре білген Лашқар Есенқұлұлының тәлімін алып, шәкірті болғанымды өз басым мақтан тұтамын. Өзінің көптеген ізбасарлары үшін ұстаз идеалына айналған танымы терең, тәлімі мол, болмысы бекзат, тұлғалы ғалымнан алған ұлағатты білім мен зор тәжірибе ғылыми ізденістерім мен қызметтік жолымның өрістеуіне де кең ықпалын тигізгенін атап өтуді парызым деп білемін, - деп атап өтті ректор өз сөзінде.

 

Еңбегін ел дамуына арнап, ауыл шаруашылығының жаңа бағытта өркендеуіне адал қызмет еткен ірі ғалымның ағартушылық бағыты мен негізгі ғылыми еңбектері су мәселелерін шешуге, ауыл шаруашылығын сумен қамтамасыз етуге, егістік, жайылымдық, шөл-шөлейт жерлерді сумен қамтамасыз етуге және мәдени жайлымдарды автоматтандыруға арналды. Ғалым Лашқар Есенқұлұлы бастаған бір шоғыр ізденімпаз ғалымдар – су шаруашылығының білікті мамандары еліміз үшін аянбай еңбек етті. Ғылыммен айналыса жүріп, бірқатар жауапты, лауазымды қызметтер атқарған қайраткер тұлғаның ғылымды басқарудағы ұтқырлығының нәтижесінде кең байтақ жерімізде сумен қамтамасыз ету мәселелері шешімін тауып, егістіктер жайқалып, бау-бақшалар гүлдеп, қаңырап тұрған елді мекендер мен шаруашылықтар судың игілігін көре бастады. Бұл өз кезегінде сол кездегі ел экономикасының еселенуіне алып келді.

 

Саналы ғұмырын ауылшаруашылық ғылымына арнап, су мәселелерін терең зерттеп, бірнеше ғылыми еңбектер жазып қалдырған аяулы ұстаз, Лашқар Есенқұлұлы Тәжібаев 1915 жылы 20-тамызда Оңтүстік Қазақстан облысының қасиетті Қазығұрт өңіріндегі Қара қия ауылында дүниеге келген.

 

Ғалымның атындағы жаңа музейде тұлғалы ұстаздың өмірі мен ғылыми жолынан сыр шертетін құжаттар мен суреттер, ғылыми кітаптар мен өз атымен патенттелген су қондырғыларының үлгілері, алған атақтары мен орден, медальдары, зерттеу жұмыстарында қолданып, тұтынған заттары сынды құнды жәдігерлер қойылған. Музейдегі ашудағы мақсат – Лашқар Есенқұлұлы сынды тұлғалы ғалымдарымыздың ардақты есімі мен терең ғылыми еңбектерін кейінгі ұрпаққа үлгі етіп, жастарды ғылымға ынталандыру.

 

www.kazmuseum.kz

Ресейдегі қазақ музейлерін кім ашты?

Ресейдегі қазақ музейлерін кім ашты?

Ресейдегі қандастарымыз қазақтың тарихы мен ұлттық құндылықтарын өте жоғары бағалайды. Олар ата-бабаларымыздан қалған бай мұраны сақтап қана қоймай, оны өскелең ұрпаққа кеңінен насихаттап, жеткізуге тырысуда. Кезінде Ресей Федерациясының Астрахань облысындағы Құрманғазы, Динадай ұлы дала сазгерлері тұрған ауылға бұл күнде алыс-жақын шетелдерден кісілер көптеп келеді екен. 

 

Ресейдің Волгоград облысында дүниеге келген Смағұл Мұнтаев осыдан 13 жыл бұрын өзінің туған ауылы Елтоннан музей ашуды ұйғарады. Өз қаржысына қазақтың 2 киіз үйін сатып алып, жәдігерлерді жинастыра бастайды. Оның ішінде күнделікті тұрмыста қолданған ыдыстар, ұлттық қолөнер бұйымдары, музыкалық аспаптар мен киімдер де бар. Бұрынғы тарих пәнінің мұғалімі саяхатшыларға өзі экскурсия жүргізеді.

 

"Алматыға арнайы барып, музейлерді қарап, ата дәстүрімізбен жете таныстым. Бір киіз үйге жәдігерлер қойылған. Ал екіншісінде келушілерге қазақтың ұлттық тағамдарын ұсынып, қонақжайлығымызды, кеңпейілдігімізді көрсетеміз", - дейді жеке музей иесі Смағұл Мұнтаев. 

 

Алтын Орданың астанасы болған Сарай Бату қалашығына жылына 18 мың турист келеді екен. Нақтырақ айтсақ, осыдан 5 жыл бұрын Астрахань облысында сол көне қалашықтың үлгісі бой көтерген еді. Оны тұрғызуға 1000 текше метр ағаш пен 5 мың тоннадай шеге кеткен.  Ресейлік режиссер Андрей Прошкиннің «Орда» фильміне арналып жасалған бұл қалашықта түсірілімнің декорациясы сол күйі сақталған. Бұл жерден хан сарайын, тар көшелер мен байырғы сауда орындарын да көруге болады. Ресейдегі қазақтар фильм түсіріліп болған соң қалашықты туристік орталыққа айналдырыпты.

 

Туристік орталықтың жетекшісі Амангелді Өтешевтің айтуынша, кино түсіру үшін Владимир қаласынан 32 кісі келіп, Сарай Бату қаласының  декорациясын тұрғызды. Мосфильм «Орда» деген киноны түсіріп, 2012 жылы ол үлкен экранға шыққан. 

 

Сарай Бату қаласының іргетасы ХІІІ ғасырдың басында қаланған. Қонақтар мұнда бүкіл жер шарынан келеді. Астрахань облысының Володар өлкесіндегі Алтынжар ауылында күй дүлділі Құрманғазы бабамыз жерленген. 1996 жылы ұлы дала сазгерінің басына белгі қойылды. Кесенесі де бар. Оның ашылуына Нұрсұлтан Назарбаевтың өзі қатысты. Сондай-ақ бұл жерде музей мен мемлекетаралық мәдени орталық та жұмыс істеп тұр. Мұнда келушілер қазақ халқының атақты күйшісінің туындыларын тыңдап, оның ұлағатты өмір жолымен танысады. Бастысы, қазақтың өлмес-өшпес рухани байлығымын сусындап қайтады.

 

Қазақ халқының мәдениеті мен тарихы мақтан етуге тұрарлық үлкен байлық. Ресейдегі қандастарымыздың түп-тұқиянын біліп, дәстүрімізді жаңаша қырынан насихаттауы барша жұртқа үлгі, өнеге болмақ.  «Мен жаныммен де, қаныммен де қазақпын. Ата-бабамыздың аманат еткен салтын сақтаймын. Тіпті үнсіз, маңғаз жатқан мынау сары дала да мен үшін басымызға қонған ерекше бақ сияқты болып көрінеді. Мен сондықтан өз ұлтымыздың асыл мұрасын құрметтеймін», – дейді 160 мыңдай қазақ тұратын Астрахань жеріндегі Смағұл Мұнтаев бауырымыз.

 

www.khabar.kz

Алматыда Кеңес Одағының екі мәрте батыры Талғат Бегелдиновке арналған музей ашылады

Алматыда Кеңес Одағының екі мәрте батыры Талғат Бегелдиновке арналған музей ашылады

Алматыда Кеңес Одағының батыры, авиация генерал-майоры Талғат Бигелдиновке арналған музей ашылады. Бұл туралы «Генералдар кеңесі» республикалық қоғамдық бірлестігі төрағасының орынбасары, генерал-майор Махмұт Төлеғұсов мәлім етті. 

 

«Бүгін ҚР Қорғаныс министрлігінің «Орталық Армия үйінде» Талғат Бигелдиновке арналған жеке естелік бұрыш ашылды. Ол жерге батыр ағамыздың өмірінің әр кезеңінде түскен фотосуреттері, өзіне қатысты құжаттар, кітаптар, газет және журналдар қойылды. Болашақта Алматыда арнайы музей ашылады. Бұл мәселе қазір қала әкімдігінде талқыланып жатыр. Әзірге бұл бағытта фотосуреттер, бейнебаяндар, фильмдер, құжаттар және басқа да материалдарды жинау жұмыстарын жүргізіп жатырмыз», - деді М.Төлеғұсов.



Сонымен қатар ол биыл Мәскеу қаласының Тағзым тауында орналасқан Ұлы Отан соғысына арналған Орталық мемлекеттік музейге Талғат Бигелдиновтің мүсіні қойылатындығын жеткізді.



«Аталмыш музейдің басшылығымен нақты келісімге қол жеткізілді.
Үстіміздегі жылы 9 желтоқсанда музейдің Даңқ залына Талғат Бигелдиновтің мүсіні қойылады деп жоспарлануда. Ал келесі жылы Кеңес Одағының батыры, ҚР тұңғыш қорғаныс министрі, армия генералы Сағадат Нұрмағамбетовтың мүсіні қойылмақ. 2016 жылдың желтоқсанына дейін Қазақстаннын шыққан екі дүркін Кеңес Одағының батырлары – Сергей Луганский, Леонид Беда және Иван Павловтың мүсіндері қойылады. Қазір көп жерде соғыс тарихы бұрмаланып жатыр. Біз мұндай әрекеттерге қуатты патриоттық қозғалыспен жауап беруіміз керек. Барша жұрт Қазақстаннан шыққан ерен ерлер жайында біліп жүрсін», - деді генерал-майор М.Төлеғұсов.

 

www.inform.kz

 

Қазақстанда Лувр мен Эрмитаж сияқты музейлер пайда болады – Мәдениет министрі

Қазақстанда Лувр мен Эрмитаж сияқты музейлер пайда болады – Мәдениет министрі

Елдегі музейлердің жұмыс форматы өзгереді. Бұл туралы бүгін Астанада Орталық коммуникациялар қызметінде өткен баспасөз мәслихатында ҚР Мәдениет және спорт министрі Арыстанбек Мұхамедиұлы мәлім етті. 

 

«Елдегі музейлердің жұмыс форматы өзгертіледі. ҚР Ұлттық музейінде Қазақстан халқы Ассамблеясының залы ашылады деп жоспарлануда. Қазақстан музейлері тарихи мұрамызды заманауи форматта насихаттау, интерпретациялау үшін шетелдің Лувр, Эрмитаж, Ватикан сынды музейлердің тәжірибесін ескере отырып, ғылыми мекемелердің, университеттердің, мұрағаттар, кітапханалардың ғылыми алмасуы жүргізілетін тірек орталығына айналуы тиіс», - деп атап өтті министр.

 

«Ғылыми-зерттеу жұмыстары мына бағыттар бойынша дамиды: тарих, археология, реставрация, өнертану, мәдени-ағарту шаралары, сый-кәде индустриясы, қызмет көрсету және тағы басқалары. Мәдениет саясаты тұжырымдамасы бойынша мәдениет саласындағы менеджментті өзгерту жоспарлануда. Сала экономика секторы ретінде оңтайландырылады. Экономикалық белсенділікті арттыру мақсатында жетекші музейлер мен кітапханалардың әкімшілік-құқықтық формасы мемлекеттік мекемеден қазыналық кәсіпорынға ауыстырылады», - деді ол.

 

www.inform.kz

 

Бөкей және Жәңгір хандардың қылыштары табылды

Бөкей және Жәңгір хандардың қылыштары табылды

Орыс зерттеушілері Китта­ры мен Сабанщиковтың жазбала­рында көрсетілген, кезінде Жәңгір ханның «Қа­ру-жарақ палатасында» болған Әбіл­хайыр әулетінен Бөкей және Жәң­гірдің хан тағына отыруына орай Ресей патшалары берген қы­лыштары табылды. Бұл туралы Бөкей ордасы тарихи-музей кешенінің директоры Ғайса Махимов мәлім етті.

 

«Өткен жылы әдеттегідей жұмысқа келіп, басылымдардың жаңа сандарын оқып отырып, Ресейден шығатын «Мир музея» журналындағы «В Соколиной баш­не Ханского дворца» (Галина Останенко, музей истории и культуры крымских татар «Ханский дворец») деген мақалаға кө­зім түсті», - деді Ғайса Темірболатұлы.

 

Бұл мақалада хан Жәңгірдің 1823 жылы таққа отырған кезінде Александр І патшаның сыйға тартқан қылышы туралы айтылған екен. Осы мәліметтерге сүйене отырып, Ғайса Темірболатұлы дереу ғаламтор арқылы іздестіру жұмысын жүргізеді. «Бахчисарайский историко-культурный и археологический музей-заповед­ник» музейінің қару-жарақ экспозициясы туралы түсірілген деректі фильмді тауып алады. Көрмеде мақалада жазылған Александр I Жәңгір сұлтанға хан дәрежесіне көтерілуіне байланысты сыйға тартқан қылышын көреді. Экспозицияны таныстырып жүрген экскурсия жүргізушісі құн­ды жәдігерді Бөкей хандығынан қалған деп айтып өткен.

 

Ішінде Жәңгірдің жинақтаған басқа да қарулары болар деген оймен ғаламтор арқылы музейге Жәңгір ханның қару-жарақ палатасының басқа да жәдігерлерін сұрасты­рып, хат жолдадық. Көп күттірмей музей директорының атынан Жәңгір хан мен Бөкей ханның 2 қылышы сақтаулы деген жауап келеді.

 

Қа­зақ хан­­дығының 550 жылдығына арналған Батыс Қазақстанда белгіленген ша­ралардың бірі Бөкей ордасы ауданының Хан ордасы ауылында өтеді деп жоспарлануда. Осы айтулы оқиға қарсаңында қос ханның қылышы өзінің тарихи орнына қайтарылса дейміз»,  - деп түйіндеді ойын Ғ. Махимов.

 

www.inform.kz