«Startup Bolashak» байқауының жеңімпаздарына 25 млн теңге көлеміндегі грант беріледі

«Startup Bolashak» байқауының жеңімпаздарына 25 млн теңге көлеміндегі грант беріледі

Биылғы жылдың 20 шілдесінде «Болашақ» Қауымдастығы «Даму» қорымен бірлесіп, «Бәйтерек» холдингінің қолдауымен «Startup «Bolashak» байқауының басталғанын жариялады. Өтінімдер жинау 20 шілдеден бастап 20 қыркүйекке дейінгі аралықта жүзеге асты. Байқауға Қазақстанның 18-29 жасаралығындағы жастары, сондай-ақ, 5 адамға дейінгі жобалық топтар қатысты.

 

Берілген өтінімдердің жалпы саны 2095-ке жетті. Оның ішінде 2080-і конкурстық комиссияның қарауына жіберілді, 15 өтінім құжаттар топтамасының толық тапсырылмауына байланысты кері қайтарылды.

 

Өтінімдердің көпшілігі Астана (400 өтінім), Алматы қалаларынан (227), Павлодар (155), Батыс Қазақстан (134), Оңтүстік Қазақстан облыстарынан (134) келіп түсті.

 

Бизнес-идеялардың көп бөлігі өңдеуші саламен (647 өтінім), ақпараттық технологиялармен (263), білім берумен (171) және басқаларымен байланысты.

 

Стартап-жобалар байқауының жеңімпаздарына 25 млн теңге гранттық қолдау көзделген: I орын – 7 млн теңге, II орын – 5 млн теңге және III орын – 3 млн теңге. «BI Group» холдингі бөлген 10 млн теңге гранттар, сондай-ақ, әлеуетті инвесторлардан стартаптарды дамытуға қаражат қарастырылған.

 

Конкурстық комиссияның құрамына атақты бизнесмендер, тәуелсіз сарапшылар, қаржылық институттардың өкілдері кірді.

 

Бизнес-жобаларды іріктеу кезінде төмендегілер ескерілгенін айта кеткен жөн: бизнес-идеялар жаңалығы мен бірегейлігі, олардың әлеуметтік маңыздылығы, нысаналы аудитория, сондай-ақ, бизнестегі жұмыс тәжірибесі есепке алынды.

 

Конкурстық комиссия отырысының қорытындылары бойынша 23 бизнес-идея іріктеп алынды, олардың авторлары қазанның 12-сінен 15-іне дейінгі аралықта Астана қаласында оқыту семинар-тренингтеріне қатысады.

 

Қатысушылар семинар-тренингтерден өткеннен кейін өзінің бизнес-идеясын конкурстық комиссияның кеңейтілген құрамы алдында жария етеді. Қорытындысы бойынша Бизнес-жоспарлар марафонына қатысуға 10 үздік бизнес-идея іріктеп алынады.

 

www.bnews.kz