Тараз қаласында «Ежелгі Тараз» музейі ашылды

Тараз қаласында «Ежелгі Тараз» музейі ашылды

Тараз қаласында Елбасының қатысуымен Қазақ хандығының 550жылдық мерейтойының негізгі шараларының ашылуы өтеді. Мерекелік іс-шаралар аясында Н. Ә. Назарбаев «Ежелгі Тараз» музейінің, «Қазақ хандығына 550 жыл» ескерткіш-монументтің ресми ашылуына қатысып, «Тараз қалашығы» республикалық маңызы бар тарих және мәдениет ескерткішіне барды.

 

Қазақ хандығының 550 жылдық мерейтойы аясында биыл Тараз қаласының орталығындағы «Тараз қалашығы» республикалық маңызы бар тарих және мәдениет ескерткішіне археологиялық зерттеулер, консервациялау жұмыстары жүргізіліп, оның аумағында «Ежелгі Тараз» жаңа музейі бой көтерді.

 

Ескерткіш аумағындағы археологиялық зерттеу жұмыстары жүргізілгеннен бері археологтар бірқатар қалалық құрылыс нысандарының орындарын тапты. Сонымен қатар, осы жерден Қазақстанның ортағасырлық қалаларының ешбірінде табылмаған көлемді алтын, күміс, қола бұйымдары бар құнды қазыналары (әшекейлер) қазып алынды.

 

Осы аумақта табылған құнды жәдігерлер жаңадан салынған «Ежелгі Тараз» музейіне қойылды. Тараз қаласы мен өңірінің 2000 жылдық тарихын көрсететін бұл музейден ежелгі, ортағасырлар (соның ішінде Қазақ хандығы дәуіріне), Әулиеата, Кеңес Одағы және Тәуелсіз Қазақстан кезеңіне жататын құнды жәдігерлерді табуға болады.

 

Археологиялық паркпен бір кешенде орналасқан «Ежелгi Тараз» музейі халықаралық тас жолы бойындағы Тараз қаласының экономикалық және мәдени орталық ретінде дамуына негіз болады. Бұл өз кезегінде қалада туристік саланың дамуына, ежелгі Тараз қаласының мәдени мұра нысандарын маңызды туристік бағыттарға қосуға септігін тигізеді.

 

www.mks.gov.kz