«Мэтью» алапат дауылынан қаза тапқандардың саны 27 адамға жетті

«Мэтью» алапат дауылынан қаза тапқандардың саны 27 адамға жетті

Кариб бассейні елдерінде «Мэтью» алапат дауылының салдарынан қаза тапқандардың саны 27 адамға жетті. Рейтердің хабарлауынша, апат құрбандарының дені - Гаити тұрғындары. Мұнда 21 кісі көз жұмған. Дауылға байланысты жергілікті билік 9-шы қазанға белгіленген жалпыұлттық сайлауды кейінге шегерді. Ал БҰҰ апаттан жағдайы онсыз да нашар мемлекеттегі тұрғындардың тұрмысы бұрынғыдан бетер қиындап кетеді деп алаңдап отыр. Бұған қоса, «Мэтью»  Доминикан республикасы, Колумбия және Сент-Винсент пен Гренадины аумағында да ойран салып, 6 тұрғынның өмірін қиды. Соңғы он жылда Атлантика аймағында соққан ең жойқын дауыл Кубаның шығыс жағалауын да басып өтті. Ел билігі қауіпті өңірлерден 1 миллионнан астам адамды эвакуациялады. Қазіргі кезде дауылдың тегеуріні дәл бәсеңдеп, ол Багам аралдарына қарай бет алған. Мамандардың болжамынша, ол АҚШ-тың Флорида штатының жағалауына жақындауы мүмкін. Осыған байланысты мұндағы билік 1,5 миллионнан астам тұрғынды паналау орталықтарына көшірді. Әуе компаниялары осы штатқа қатынайтын барлық рейстерді кейінге шегеріп жатыр.

 

 

 

Сурет: www.popmech.ru