Франциядағы ереуілдер жанармай тапшылығына себеп болды

Франциядағы ереуілдер жанармай тапшылығына себеп болды

Францияда толастамай жатқан ереуілдер жанармай тапшылығына себеп болды. Еңбек заңнамасындағы реформаларға қарсылық білдірген жұрт ел аумағындағы 8 бірдей мұнай өңдеу зауытының жұмысын бөгеп тастаған. Сейсенбі күні таңертең полиция ондағы демонстранттарды қуып таратып, екі нысанды босатты. Бұл жағдай жүргізушілерді әбігерге салды. Себебі, ел аумағындағы көптеген жанармай құю бекеттері отынсыз қалған. Біраз бекеттің алдында автокөліктер ұзын-сонар кезекке тұрды.

 

Айта кетейік, Францияда еңбек реформасына қарсы ереуілдер наурыз айынан бері тыйылмай келеді. Үкімет ұсынып, мемлекет басшысы Франсуа Олланд қолдаған құжат елдегі жұмыссыздықпен күреске бағытталған. Ол жұмыс берушілерге өз қызметкерлерінің жұмыс уақытын арттыруға мүмкіндік береді. Сондай-ақ, құжатта артық сағатқа төленетін үстемеақыны қысқарту қарастырылған. Реформа адамдарды жұмысқа алу және босату процесін жеңілдетуді көздейді екен. Алайда, Франциядағы барлық кәсіподақтар мен жастар бірлестіктері мұндай өзгерістерге қарсы. Жаңа өзгерістер елдегі еңбек жағдайы нашарлап, жұмыссыздар қатарының артуына алып келеді, дейді сарапшылар.

 

 

 

 

Сурет: news.vice.com