Ресей армиясы 5 дельфин сатып алмақшы

Ресей армиясы 5 дельфин сатып алмақшы

Ресейдің Қорғаныс министрлігі 5 афалина - дельфинін сатып алмақшы. Ведомство қажеттілігі үшін үш аталық, екі ұрғашы киттәріздіні сатып алуға ашық байқау өткізу жөніндегі ақпарат ресми мемлекеттік сатып алу сайтында жарияланды, деп жазады Қазақпарат.

 

Әрбір дельфинге 350 мың рубль төленеді, жалпы сомасы 1,75 млн рубль (8,4 млн теңге шамасында). Байқаудың жеңімпазы афалиналарды Севастопольге  1 тамызға дейін жеткізіп беруі тиіс.

 

Сатып алу шартына сәйкес дельфиндер жүзуге белсенді, бойлары 2,3 метрден кем емес әрі 2,7 метрден ұзын болмауы тиіс. Жастары да 3 жастан кіші емес, 5 жастан үлкен болмауы керек.

 

Ресей армиясына дельфиндердің неге қажет болғаны құжаттарда нақты көрсетілмеген. Бұған дейін әскери мекеменің өкілі Қара теңіз флотында теңіз жануарын әскери мақсатта үйрететін құрылымның жоқтығын мәлімдеген.

 

Еске сала кетсек, КСРО-да әскери мақсатқа дельфиндерді үйрету 1973 жылы басталған, ал АҚШ армиясында бұл жануарлар соңғы 50 жылдан бері қызмет етіп келеді. Афалина-дельфиндер Ирактағы әскери операцияға пайдаланылды. Олар теңізде миналарды іздеген.