БҰҰ: ауруханалар мен мектептерге жасалған әуе соққысынан 50 бейбіт тұрғын қаза тапты

БҰҰ: ауруханалар мен мектептерге жасалған әуе соққысынан 50 бейбіт тұрғын қаза тапты

БҰҰ –ның бас хатшысы Пан Ги Мун Сирияның солтүстігіндегі ауруханалар мен мектептердің әуеден шабуылдануына байланысты алаңдаушылық білдірді. Бас хатшы қақтығысушы тараптардың бұл әрекетін халықаралық құқықты қатаң бұзу деп бағалап, оның елдегі денсаулық сақтау жүйесінің түбегейлі жойылуына әкелуі мүмкін екенін алға тартты. Сондай-ақ, Пан Ги Мун оқу мекемелерінің оққа ұшуынан сириялық балалардың білім алуға мүмкіндігі болмай отырғанын атап өтті. БҰҰ-ның мәліметіне сәйкес, Сирияның солтүстігіндегі 5 бірдей аурухана мен 2 мектепке жасалған әуе соққысынан 50 бейбіт тұрғын қаза тапқан екен. Олардың арасында балалар да аз емес. Оққа ұшқан мекемелердің қатарында Идлиб провинциясындағы «Шекарасыз дәрігерлер» ұйымының ауруханасы да бар. Бұл шабуылдан 7 кісі қаза тауып, тағы 8-і із-түссіз жоғалды. Ал, Азаз қаласындағы балалар ауруханасына жасалған соққыдан 10 адам көз жұмды. «Шекарасыз дәрігерлер» ұйымының өкілдері әуе шабуылдары үшін Сириядағы үкіметтік күштерді айыптап отыр.    

 

Сурет: www.interfax.ru