АҚШ-тың 11 штатында төтенше жағдай жарияланды

АҚШ-тың 11 штатында төтенше жағдай жарияланды

АҚШ-тың Шығыс жағалауындағы 11 штатта қалың қардың салдарынан төтенше жағдай жарияланды. Flight Aware сайтының мәліметтерінше, жұма және сенбі күндері 7 мыңнан аса әуе рейсі кейінге қалдырылған. Ал Солтүстік Каролина мен Вашингтондағы әуежайлар мүлдем жабылды. Вашингтонда дүйсенбіге дейін қоғамдық көліктердің қозғалысы тоқтатылды. Мұндағы қарды тазалауға көрші Вирджиния және Мэриленд штаттарынан техника тартылған. Дегенмен жапалақтап жауған қарды аршуға олардың да қауқары  жетер емес.  Вашингтонда 60 см-ге дейін қар жауады деп болжаған метеорологтар енді оның деңгейі 90 см-ге жетіп қалады деп отыр. Сол себепті тұрғындарға демалыс күндері далаға шықпауға кеңес берілді. Халық болса, алдын ала қамданып, азық қорын әзірлеуге көшкен. Дүкенге ағылған жұрт керек-жарағын анталап алып кетіп жатыр. Жалпы, соңғы 100 жылда болмаған қарлы боран орталық Атлант аймағындағы 85 миллион халқы бар 20 штатқа қатер төндіріп тұр. Ал Нью-Йорк пен Нью Джерси шаттарының кей аудандарында тіпті су тасқыны қаупі де бар көрінеді.

 

 

 

Сурет: www.dailymail.co.uk