Еліміздің кез келген азаматы «Байланыс бар» веб-сайты арқылы интернет сапасына баға бере алады

Еліміздің кез келген азаматы «Байланыс бар» веб-сайты арқылы интернет сапасына баға бере алады

Қазақстан елді мекендерінің интернет сапасын бақылау үшін екі жол таңдалған. Оның біріншісі «Байланыс бар» атты халықтық бақылау қызметі. Ол бүгінде толыққанды жұмыс істеп тұр. Бұл туралы ОКҚ –де өткен брифингте ҚР Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрі Бағдат Мусин мәлімдеді.

Министрдің айтуынша, кез келген еліміздің азаматы «Байланыс бар» веб-сайтына кіріп, бір ғана батырманы басу арқылы байланыс сигналының сапасы туралы хабардар ете алады. Осылайша министрлік қандай да бір ауыл-аймақтың нақты координаттары мен интернет жылдамдығының қаншалықты жұмыс істеп тұрғандығы жөнінде деректерді жинай алады. Ал артынша интернет желісінің сапасын тексеретін бақылаушы инспекторлар өз жұмысына кіріседі. Министр бұл қосымшаға интернет өте әлсіз жұмыс істейтін мекендерден қосылуға мүмкіндік барын және ең бастысы қосымша үкімет қаражатынан іске қосылмағандығын атап өтті.

БАҒДАТ МУСИН, ҚР ЦИФРЛЫҚ ДАМУ, ИННОВАЦИЯЛАР ЖӘНЕ АЭРОҒАРЫШ ӨНЕРКӘСІБІ МИНИСТРІ:

Біздің айтып жатқанымыз интернеттің сапасы. Интернет сапасын арттыру мақсатында біз осылай ақпарат жинап жатырмыз. Сол үшін «байланыс бар» деген сервисті іске асырдық. Ол кәсіпкерлердің өздерінің келіп ұсынғандары. Көп жобалар осылай бизнес тарапынан жасалып жатыр. Біз олармен бірігіп, жаңағы ГЧП болсын басқа да болсын, бірақ біздің тарапымыздан қаражат қарастырмайтын сондай жобаларды іске асырудамыз.

Ведомство басшысының мәліметінше елімізде 18,7 млн халық 6500-ге жуық елді мекенде тұрады. Оның ішінде 4751 елді мекен  интернетпен жарақтандырылған. Осылайша Қазақстандағы интернетпен толық қамтылған тұрғындар үлесі 17,5 млн-ға жетті. 

 

Фото: matritca.kz


×