Мәжіліс Экологиялық кодекс жобасын бірінші оқылымда мақұлдады

Мәжіліс Экологиялық кодекс жобасын бірінші оқылымда мақұлдады

Заманауи технологияларды енгізудің арқасында еліміздегі экологиялық ахуал жақсарады. Бұл орайда алдымен Қазақстандағы 50 ірі кәсіпорынды ең озық қолжетімді технологияларға алмастыру жоспарланып отыр. Айта кетерлігі, қоршаған ортаны ластау көрсеткішінің негізгі дені осы өндіріс ошақтарына тиесілі. Мәжіліс осы және өзгеде басымдықтар көзделген  жаңа экологиялық кодексті бірінші оқылымда мақұлдады.

МАҒЗҰМ МЫРЗАҒАЛИЕВ, ҚР ЭКОЛОГИЯ, ГЕОЛОГИЯ ЖӘНЕ ТАБИҒИ РЕСУРСТАР МИНИСТРІ:

 - Бірінші кезеңде мұнай-газ, тау-кен металлургиясы, химия және электр энергетикасы салаларына қатысты 50 ірі кәсіпорынды ең озық қолжетімді технологияларға ауыстыру жоспарланған. Айта кетерлігі, осы 50 кәсіпорынға жалпы ластанудың 80% тиесілі. Кодекстің жобасында бірінші санаттағы ірі кәсіпорындарға қатысты қоршаған ортаға әсерді бағалауды жүргізу туралы талап қарастырылды. Олардың тізбесі қайта қаралып, негізінен экологиялық қауіпті нысандарға баса назар аударылатын болады.

Министр экологиялық рұқсатты алмаған бірінші санаттағы қолданыстағы нысандар бойынша қоршаған ортаны ластағаны үшін төлемақы мөлшеріне 2, 4 және 8 есе ұлғайтылған коэффициенттер қолданылатынын ерекше атап өтті.

МАҒЗҰМ МЫРЗАҒАЛИЕВ, ҚР ЭКОЛОГИЯ, ГЕОЛОГИЯ ЖӘНЕ ТАБИҒИ РЕСУРСТАР МИНИСТРІ:

-  Бұны кешенді экологиялық рұқсатқа көшуді ынталандыратын қосымша бір шара ретінде қарастырамыз. Бұл ретте бірінші санаттағы 50 ірі кәсіпорындар үшін мұндай ұлғайту 2025 жылдан, ал бірінші санаттағы қалған нысандар үшін 2031 жылдан басталады. Айта кетерлігі, 3 жыл сайын ұлғайту коэффициенттері 2 еселеніп тұрады. Яғни, бүгінгі таңда жұмыс істеп тұрған әрбір ірі кәсіпорын ертең өз еркімен таңдау жасайды. Не осы қалпында қоршаған ортаға кері әсер етіп, жылдар сайын еселенетін экологиялық төлем төлейді. Болмаса ең озық қолжетімді технологияны енгізіп, ластаушы кейпінен арылып, эмиссия үшін төленетін төлемдерден босатылады.

Сондай-ақ министрдің айтуынша, жаңадан іске қосылатын кәсіпорындар үшін кешенді экологиялық рұқсаттар алу міндеттілігі қарастырылған.

Авторы: Жеңіс Ермұқанов

 

Фото: platon.asia


×