Елімізге халықаралық рейстермен келетін әуе жолаушыларының ПТР анықтамасы болуы міндетті

Елімізге халықаралық рейстермен келетін әуе жолаушыларының ПТР анықтамасы болуы міндетті. Аталған құжатсыз жолаушыны ұшаққа отырғызуға тыйым салынады. Алайда бұл ереже тек шетелдіктерге қатысты. Қазақстан аумағында коронавирус инфекциясының таралуына жол бермеу жөніндегі ведомствоаралық комиссияның шешіміне ел Үкіметінің баспасөз қызметі түсініктеме берді. Шетелде жүрген ҚР азаматтарының әуе рейстерімен ПТР-тестілеуден өткені туралы анықтамасынсыз отанына оралуға құқығы бар. Мұндай жағдайда Қазақстанға келгеннен кейін олар ПТР-тестілеу нәтижесін алғанға дейін карантинге орналастырылатын болады. ҚР өңірлері арасындағы ішкі әуе рейстерінің ұшағына отырғызу кезінде ПТР-тест нәтижесі туралы анықтама талап етілмейді.

СӘДУАҚАС БАЙҒАБЫЛОВ, КӨЛІКТЕГІ БАС МЕМЛЕКЕТТІК САНИТАРЛЫҚ ДӘРІГЕР:

- 26 қазаннан бастап Ведомствоаралық комиссия коронавирус індеті анықталмады деген ПТР тесті тек шетелдік азаматтардан ғана талап ету туралы шешім қабылдаған болатын. Тиісінше, Қазақстан азаматтары ПТР анықтамасынсыз шет елдерден Қазақстанға ұшып келуге құқылы. Алайда, біз шетелдерде жүрген ел азаматтарына демалыстары өтіп жатқан елдерден ПТР тестін тапсыруға кеңес береміз. Себебі қазіргі таңда алыс-жақын шет елдерде тест тапсыруға ешқандай кедергі жоқ. Халықаралық әуежайларда, қалаларда және қонақ үйлерде тест тапсыруға болатын орындар жұмыс істейді. Ал нәтижесін бір тәуліктен кейін алуға болады.

 

Фото: nn-airport.kz


×