Қазақстанда халықты сумен жабдықтау 92,6%-ке жетті

2025 жылға қарай ел халқы сапалы ауыз сумен толықтай қамтылатын болады. Бұл туралы Үкімет отырысында Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрі Бейбіт Атамқұлов мәлім етті. Ведомство басшысының айтуынша, биыл қалалар мен ауылдарда сумен жабдықтау және су бұру желілерін дамытуға ел қазынасынан бөлінген 113,6 миллиард теңгеге 303 жоба жүзеге асырылып жатыр. Министрдің дерегінше, оның 64,5 миллиард теңгесі 234 ауылдық жобаға бағытталған.

Сондай-ақ, Бейбіт Атамқұлов Елбасы тапсырмасына сай «Ауыл – Ел бесігі» бағдарламасы аясында елді-мекендерді таза сумен жабдықтау жүйесін дамытуға жыл сайын кемінде 100 миллиард теңге қаражат бөлінетінін тілге тиек етті.

АСҚАР МАМИН, ҚР ПРЕМЬЕР-МИНИСТРІ:

 - Сумен жабдықтау және су бұру мәселелері Үкіметтің стратегиялық міндеті болып табылады және халықтың өмір сүру сапасын жақсартуға тікелей әсер етеді. Жалпы, елде орталықтандырылған сумен жабдықтау қалаларда 97,2, ауылдарда 86,4 пайызды құрайды. «Нұрлы жер» мемлекеттік бағдарламасы бойынша 2025 жылға қарай халықтың 100 пайыз сумен жабдықтау қызметімен қамтамасыз етіледі. Осының арқасында біз халықтың сапалы ауыз суға қол жеткізу мәселесін толығымен шешеміз.

Авторы: Жеңіс Ермұқанов

 

Фото: superbebe.ro


×