Qazaq TV телеарнасының құрылғанына – 18 жыл

«Хабар» агенттігі – төрт арнаның басын біріктірген телеотбасы бүгінде Еуропа қазақтары арасында зор сұранысқа ие. Олар агенттік құрамына кіретін «Хабар», «Хабар 24», Qazaq TV және EL ARNA  телеарналары арқылы елде болып жатқан жаңалықтардан хабардар болып отырады. Цифрлық технологиялардың дамыған заманында төл өнімдеріміз шетелдік көрермендерге қолжетімді бола түсті. Исмаил Кесижи Лондонда 30 жылдан астам уақыттан бері тұрады. Ата-бабасы нәубетті заманда туған жерінен Түркияға, одан кейін Ұлыбританияға көшіп келген. Кесижи қолы қалт ете қалған кезде интернеттен Qazaq TV-ді іздей бастайды. Негізі оның қазақстандық жаңалықтарға деген қызығушылығы бала күнінен басталған. 12 жасында өздігімен кирилл әліпбиін үйреніп, ата жұртында болып жатқан оқиғаларға құлақ түре отырған.

ИСМАИЛ КЕСИЖИ, ЛОНДОН ТҰРҒЫНЫ:

 - Жалғыз маған емес осы Еуропадағы, шетелде жүрген қазақтардың көбінің аңсайтыны сол. Қазақ дәстүрін көру, қазақтың тойын көру, мәдениетін көру. Қазақтың жақсы тарихи кинолары болса, солар арқылы көп заттарды үйренеді. 

Кесижидің пікірінше, Еуропадағы қазақ жастарының көпшілігі ана тілін ұмытып бара жатыр. Білмейтіндері де көп. Тіл ұмытылса, ұлттық болмысымыздан айырыламыз деп қорқады ол. Медианың пәрмені күшті заманда қазақстандық телеарналар бұл олқылықтың орнын толтыра алады.

ИСМАИЛ КЕСИЖИ, ЛОНДОН ТҰРҒЫНЫ:

 - Бірақ тілдің қайнары бір жер. Тілдің қайнары - Қазақстан. Қазақстаннан ғана ала аламыз. Оны қайдан аламыз - Қазақстанның медиасы. Kazakh TV-ны ертеректен бері көріп келе жатқандардың бірімін. Біріншіден, ол Caspionet болып бір кезде шықты. Қазақ ТВ болып жалғастырып келе жатқан дәстүр бар ол жерде.     

Кесижидің жұбайы Шолпан - Оралдың тумасы. Екеуі бір ұл, бір қыз тәрбиелеп, айрандай ұйып отырған отбасы. Балалары да телеарна арқылы елде болып жатқан жаңалықтардан хабардар. Qazaq TV-дің 5 тілде тарататын хабарларының ішінен қазақ тіліндегісін таңдап, барлығы ана тілдерін дамытуға тырысады. 

ШОЛПАН КЕСИЖИ, ЛОНДОН ТҰРҒЫНЫ:

 - Енді негізгі біздерге ұнайтын  бағдарламалар аспаздық туралы, ұлттық тағамдар туралы. Қонақтар келгенде ұлттық тағамдарымызды көрсетіп, таныстырып және достарымызбен бірге сол ұлттық тағамдарды жегенді жақсы көреміз. Шығармашылық табыс тілеймін. Шетелдегі көрермендеріңізді қызықты программалармен қуанта беріңіздер.  


×