Қазақстанда петиция институты заңды түрде бекітіледі

Қазақстанда электронды петиция жүйесін енгізу көзделіп отыр. Енді петиция ұғымын заңды түрде бекіту үшін арнайы құқықтық база құрылып жатыр. Осының негізінде оны беру тәртібі нақтыланып, қаралу реті айқындалады. Бұл өз кезегінде қазақстандықтарға түрлі салаларды реформалау ісіне үлесін қосып, ұсыныс жасауларына жол ашады.

Бұл жөнінде ОКҚ өткен баспасөз мәслихатында еліміздің Ақпарат және қоғамдық даму министрі Аида Балаева мәлімдеді.

Оның айтуынша, қазір министрлік тарапынан «ақпаратқа қолжетімділік» заңына өзгерістер мен толықтырулар енгізілуде. Осының арқасында екі  бірдей мақсатқа қол жетпек. Біріншіден, бақылау мен жауапкершілік артады. Сондай-ақ саланың заңды қолдану аясы кеңейеді.  

АИДА БАЛАЕВА, ҚР АҚПАРАТ ЖӘНЕ ҚОҒАМДЫҚ ДАМУ МИНИСТРІ:

 - Біз ақпараттық базаға рұқсат беру туралы заңнаманы жетілдіру бойынша жұмыс істеп жатырмыз. Өз сөзімде айтып өткенімдей, мәжілісте құжатқа енгізілген өзгертулер мен толықтырулар қаралып жатыр. Ол – осы ақпаратқа қолжетімділік мәселесіне байланысты өзгертулер. Ақпарат және қоғамдық даму министрлігі бұл мәселені осы заң жобасы негізінде үйлестіретін болады. Сондай-ақ, екіншіден, әрбір мемлекеттік органда штаттық негізде осы салаға нақты жауап беретін білікті мамандар мен өкілдер болады.  

Бұған қоса, ақпарат иелеріне кәсіпкерлік субьектілері мен нысандарын, сонымен қатар мемлекеттік органдардың функциясын атқаратын өзін өзі басқару және үкіметтік емес ұйымдарды жатқызу ұсынылып отыр.

Министрдің айтуынша, енгізілген өзгертулер заңнамалық жобаға кіргізілді және құжат Парламент Мәжілісінде қаралуда. Жыл соңына дейін ол Президенттің қол қоюына ұсынылмақ.

 

Фото: ainews.kz


×