Ұлттық қоғамдық сенім кеңесінің отырысы өтті

Президент Қасым-Жомарт Тоқаев Ұлттық қоғамдық сенім кеңесінің төртінші отырысына қатысты. Мемлекет басшысы кеңестің алаңында ел дамуына қатысты ең өзекті мәселелер жүйелі негізде талқыланып, бірқатар маңызды бастама жүзеге асқанын атап көрсетті. Сонымен бірге, кездесуге қатысушылар қазақстандықтарды алаңдататын мәселелер бойынша пікір алмасты. Көпшіліктің пікірінше, мемлекеттік органдардың жұмысы туралы ақпарат ашық болуы тиіс. Сарапшылар сонымен қатар, орнықты дамудың ұлттық бағдарламасын әзірлеуді, банк саласын модернизациялауды, тұрғын үймен, жұмыспен қамту мәселелерін шешуді ұсынды. Қасым-Жомарт Тоқаев айтылған мәселелер тиісті шешімін табатынына сенім білдірді. Жиында Президент қоғамдық сенім кеңесі өткен бір жыл ішінде жемісті жұмыс істегенін жеткізді.

ҚАСЫМ-ЖОМАРТ ТОҚАЕВ, ҚАЗАҚСТАН РЕСПУБЛИКАСЫНЫҢ ПРЕЗИДЕНТІ:

 - Осы аралықта кеңес толық қалыптасты. Оның қажеттілігіне баршамыз көз жеткіздік. Ұлттық кеңес билік пен қоғам арасында сындарлы диалог  орната алатын тиімді институционалдық құрылымға айналды. Кеңес мүшелері еліміз үшін маңызды шешімдер әзірлеп, солардың жүзеге асуына күш салуда. Осыған дейін өткізілген үш отырыстың барлығы да пайдалы болғаны сөзсіз. Биылғы жолдауымда мен барлық мәселені  ашық айтып, оны шешудің нақты жолдарын ұсындым. Мемлекеттік басқарудың тиімділігін күшейту идеясы-  Жолдаудың негізгі өзегінде тұрған мәселе. Жалпы, мемлекеттік басқару жүйесін реформалау  өз алдына кең ауқымды міндет. Тіпті, барлық реформалардың қайнар көзі, мемлекетті жаңғыртудың басты арқауы десек артық емес. Біз бұл реформаны мемлекеттік жоспарлау жүйесін қайта құру ісінен бастауды ұйғардық.

 

Фото: akorda.kz


×