Мемлекеттік тіл мәртебесін көтеру мәселесі «Ұлы даланың ұлтаралық тілі» республикалық форумында қаралды

Мемлекеттік тілді дамыту және оның мәртебесін көтеру жайы «Ұлы Даланың ұлтаралық тілі» атты республикалық форумда қаралды. «Мемлекеттік қызметте жұмыс істейтін еліміздің әрбір азаматы бірінші кезекте мемлекеттік тілді жетік білуі тиіс», дейді Қазақстан халқы Ассамблеясының белсенді мүшесі Джамалаил Элимханов. Өзі қазақ тілін тек 25 жасында ғана үйрене бастаған. Бүгінде ол қазақ тілінің деңгейін тексеру үшін мемлекеттік қызметкерлерге арналған «Kaztest» жүйесін енгізуді ұсынуда.

ДЖАМАЛАИЛ ЭЛИМХАНОВ, ҚАЗАҚСТАН ХАЛҚЫ АССАМБЛЕЯСЫНЫҢ МҮШЕСІ:

 - Мен 25 жасымда ғана үйрене бастадым қазақ тілін. Бұрын мүлдем білген жоқпын. 2 жыл ішінде үйреніп алдым. Өз уақытымды бөліп үйреніп алдым қазақ тілін. Кез келген адам сөйтіп үйрене алады. Сосын мемлекеттік қызметкер боламын деген адам бірінші мемлекеттік тілді отаны үшін, отанына деген махаббаты үшін үйреніп алып содан кейін ғана қызметке тұруы керек.

Сондай-ақ, форумда Қазақстан халқы ассамблеясы Төрағасының орынбасары – Хатшылық меңгерушісі Жансейіт Түймебаев қоғамдық келісім мен жалпыұлттық бірлікті нығайтуға үлес қосқан белсенділерді марапаттады. Оларға Қазақстан халқы Ассамблеясының 25 жылдық мерекелік медалі және «Мейірім» төсбелгісі табыс етілді.

Авторы: Ақзер Сегізбаева

 

Фотоult.kz


×