Қазақстан бірқатар шет мемлекетке әуе рейстерінің санын қысқартады

Қазақстан шетелге әуе рейстерінің санын азайтады. Бұл туралы онлайн-брифинг барысында Денсаулық сақтау министрлігі Санитарлық-эпидемиологиялық бақылау комитетінің төрайымы Айжан Есмағамбетова хабарлады. Оның айтуынша, 6 қазаннан бері ел аумағына халықаралық рейстермен 34 мыңнан астам жолаушы келген. Оның алты мыңнан астамында короновирусқа шалдықпағанын растайтын анықтама болмағандықтан, сынама алынған. Нәтижесінде 17 науқас анықталған. Сондай-ақ, автокөлік өткелдері арқылы 73,5 мыңнан астам адам республиканың  шекарасын кесіп өткен. Оның ішінде 122 адамнан короновирус індеті расталған. Спикердің айтуынша, Түркия, Біріккен Араб Әмірліктері, Беларусь, Ресей және Египеттен келген адамдарда  КВИ жұқтырудың жаңа жағдайлары анықталды.

АЙЖАН ЕСМАҒАМБЕТОВА, ҚР ДСМ САНИТАРЛЫҚ-ЭПИДЕМИОЛОГИЯЛЫҚ БАҚЫЛАУ КОМИТЕТІНІҢ ТӨРАЙЫМЫ:

 - Денсаулық сақтау министрлігі республиканың мемлекеттік шекарасындағы бақылау-өткізу бекеттерінде санитарлық-карантиндік бақылауды одан әрі күшейту жөніндегі ведомствоаралық комиссияға ұсыныстар енгізді. Ол ұсыныстар ведомствоаралық комиссия тарапынан қолдау тапты, және олар бас мемлекеттік санитарлық дәрігердің қаулысында көрініс табады. Біріншіден, Украинамен арадағы қатынас үш рейстен бірге дейін, Біріккен Араб Әмірліктерімен 24-тен 16-ға дейін, Германиядан 6-дан 4-ке дейін, Беларусьтен 9-дан 4-ке дейін қысқартылатын болады. Түркиямен әуе қатынасы аптасына 18 рейске дейін қысқартылды. Қараша айында тағы 6 әуе рейске қысқарту жоспарланған. Осылайша, шекарадағы бақылау, көлік жүріп өтетін жолдардағы бақылау күшейтілетін болады.

 

Фото: tengrinews.kz


×