Еріктілер жылы: дәрігерлер мен мұқтаж жандарға көмек

Қазақстандықтарды азық-түлік, медициналық қорғаныс құралдары сынды керек-жарақпен қамту. «Жас Отан» жастар қанатының волонтерлері жыл соңына дейін 100-ден астам қайырымдылық жобаны жүзеге асыруды көздеп отыр. Бүгінде игі шараларға бес мыңға тарта ерікті жұмылдырылған. Олар коронавирус өршігелі ұлт саулығы үшін күресіп жүрген дәрігерлерге барынша қолдау жасап келеді. Белсенділер еліміздің емдеу мекемелеріне өкпені жасанды желдету аппараттары мен оттегі балондарын жеткізді. Акция 100-ден астам аурухана мен 7 мыңға жуық медицина қызметкерін қамтыды. Бұған қоса, Нұр-Сұлтан, Алматы және Шымкент қалаларының әл ауқаты төмен 100 мың отбасына  5 миллион дана медиіциналық бетперде таратылды. Еліміздің белсенді жастарының қайырымдылық іс-шаралары бұнымен шектелмейді.  Еріктілер көмекке зәру жандарға қол ұшын созуға қашанда әзір.

НҰРЗИНА ҚЫДЫРӘЛІНА, «ЖАС ОТАН» ЖҚ ЖАСТАР ЖОБАЛАРЫ ЖӘНЕ САРАПТАМА БАСҚАРМАСЫНЫҢ БАСШЫСЫ:

 - «Жас Отан» жастар қанатының еліміздің барлық өңірлерінде 17 филиалы бар. Жасотандықтар Түркістан облысындағы Мақтаарал ауданында болған су тасқыны кезінде де белсенділік танытты. Дәл сол жерде волонтерлердің штабы құрылған болатын. Еріктілер зардап шеккен азаматтарға барынша қолдау жасап, әр мекен-жай бойынша түрлі дәрежеде көмек көрсетті.  Жасотандықтар тек биыл ғана емес, жылда мұқтаж жандарды керек-жарақпен қамтуға тырысады. Жыл сайын дәстүрлі түрде ҰОС және еңбек ардагерлері, әлеуметтік аз қамтылған азаматтар мен жанұяларға «Ардагерлерге құрмет», «Қауіпсіз қала», «Мектепке жол» сынды жобалар арқылы демеу жасайды.   

Авторы: Жеңіс Ермұқанов

 

Фото: kt.kz