Өңірлердің пластикпен ластануы бойынша зерттеу жүргізіледі

Елімізде «Пластиктен таза Қазақстан» деп аталатын жоба қолға алынды. Бұл туралы орталық коммуникациялар қызметінде өткен баспасөз мәслихатында «Jasyl Arystan» жеке қорының басқарма төрайымы Гүлнар Ережепова мәлім етті. Экологиялық белсендінің айтуынша, ел аумағында жыл сайын 5 млн астам қатты тұрмыстық қалдықтар жиналады, олардың 15% - пластмасса. Демек, әр қазақстандық жылына 42 кг жуық пластикалық қалдық қалдырады. Олардың  тек 3% ғана сұрыпталып, өңделеді. Бұлар ресми дереккөздерден алынған мәлімет. Табиғат сақшылары пластик бұйымдардың ұзақ сақталуын есепке алса ластану мәселесі одан да күрделі және көрсеткіштер де  жоғары екенін айтады. Өйткені пластмассаның табиғи ыдырау мерзімі 500 жылға дейін созылуы мүмкін.

ГҮЛНАР ЕРЕЖЕПОВА, «JASYL ARYSTAN» ЖК БАСҚАРМА ТӨРАЙЫМЫ

 - Қазіргі проблема бойынша шынайы және жаңа деректер алу мақсатында Қор биыл өңірлердің пластикпен ластануы бойынша ауқымды зерттеу жүргізуді жоспарлап отыр. Жұмыста зерттеу жүргізудің әртүрлі әдіснамасы, мысалы, статистикалық талдау да, жергілікті жерлерге көшпелі зертханалық сараптамалар да қолданылатын болады. Бұл іс-шараны іске асыру көп еңбекті қажет етеді, бірақ елдегі проблеманың ауқымын нақты анықтау және шешімдер мен шараларды іздеу үшін қажет және дұрыс болып табылады.

 

Фото: jogja.tribunnews.com