Халықаралық жаңалықтарға шолу

Халықаралық жаңалықтарға шолу

Ливан ауруханаларында бос орын жоқ

Ливан астанасы Бейруттегі ауруханаларда бос орын жоқ. Соңғы күндері елде коронавирусты жұқтырғандар саны қайта артып кетті. Мәселен, өткен демалыс күндері тәулігіне 1300 жаңа науқас тіркелген. Сонымен қатар елде дәрігер мен қызметкерлер де жеткіліксіз. Дәрі-дәрмек тіпті жоқтың қасы.

Мектептер қайта жабылды

Өз кезегінде Нью-Йоркте мектептер қайта жабыла бастады. Оған Бруклин және Куинс аудандарындағы кейбір білім ордаларында COVID-19 дертінің анықталуы себеп болып отыр. Айта кетейік, әлемнің 188 еліне тараған індетті жұқтыру және өлім-жітім саны бойынша қаралы тізімде АҚШ әлі де көш бастап тұр. Мұнда 7,5 млн адамға жуығы инфекцияға шалдықса, 210 мың науқас ауру құрбаны атанған. Екінші орында Үндістан, Мұнда 6 млн аса дерек анықталған. Одан кейін Бразилия келеді. Джонс Хопкинс университетінің хабарлауынша, әлемде індетті 35 млн аса адам жұқтырған. 24 млн аса науқас вирусты жеңе алса, қайтыс болғандар саны 1 млн асады.

«Гамма» дауылына 5 адам көз жұмды

Мексикада «Гамма» тропикалық дауылы соқты. Салдарынан 5 адам көз жұмды. Зардап шеккендер саны  600 мыңнан асты. Бұл туралы Reuters агенттігі хабарлады. Табиғи  апаттан ТабАско, ЧьяпАс және ВеракрУс штаттары зардап шеккен. Дауылдан соң аймақта нөсер жауып, су тасқыны болған. Сөйтіп, көше жолдары мен аулаларды су басып, мыңдаған баспана лай астында қалды.

Францияда табиғи апат орын алды

Ал Францияның оңтүстігінде күн райы күрт құбылып, нөсер жауды. Салдарынан 4 адам мерт болып, 18-і із-түзсіз жоғалып кетті. Бұл туралы Теңіз жағасындағы Альпі префектурасынан хабарлады.  Селдетіп құйған жауын көпірлер мен үйлерді қиратып, жолдарды шайып өткен. Қазір аймақта мыңға жуық өрт сөндіруші мен құтқарушы жұмыс істеп жатыр.