Мәскеуде қос құрбы қазақ тілін насихаттап жүр

«Мәскеу  қазақша». Ресей астанасында тұратын екі бойжеткеннің жобасы елден жырақта тіл үйренудің қыр-сырын таныстырады. Аталмыш видеоблогта  Анастасия Решетникова мен Елизавета Осипова әртүрлі тақырыпта  қазақша әңгіме өрбітеді. Олардың  Мәскеудегі қазақтардан алған сұқбаттары да көпшілік көңілінен шығуда.

АНАСТАСИЯ РЕШЕТНИКОВА, «МОСКВА ҚАЗАҚША» ЖОБАСЫНЫҢ АВТОРЫ:

- Сұхбат жазып, соны жобаның бір бөлігі ретінде ұсынсақ деген ой келді. Алғашқы сұхбатты «Хор Турецкого» әншісі Алибек Альмадиевтен алдық. Содан кейін осы жұмысты жалғастыруды шешіп, Гүлназ Балпеисовамен кездестік. Иманбек, Айсұлтан Сеитов және Скриптонитпен сұхбаттарымыз өте қызықты болып шықты.

Настя мен Лиза қазақ тілін алғаш рет университетте естіген. Қазақстан туралы да аз білген. Бірақ алғашқы екі айдың ішінде қазақ тілін тұрмыстық деңгейде сөйлесе алатындай дәрежеге жетеді. 4 жылда тілдік ортада болмай-ақ өз ойларын еркін жеткізіп сөйлей алатын болды.

ЕЛИЗАВЕТА ОСИПОВА, «МОСКВА ҚАЗАҚША» ЖОБАСЫНЫҢ АВТОРЫ:

- Қазақтармен қазақша сөйлесе аласын. Немесе қазақша кітап оқи аласын. Мысалы, мен Гарри Поттер туралы қазақша оқимын. Және қазақ тілі өте бай және әуезді тіл.

АНАСТАСИЯ РЕШЕТНИКОВА, «МОСКВА ҚАЗАҚША» ЖОБАСЫНЫҢ АВТОРЫ:

- Қазір қазақ тілін үйреніп жатырмын және мен әрине жиі қате жасаймын. Бірақ менің ойымша әр шет тілді үйренгенде қорықпау керек.

 

Фото: sputniknews.kz


×