Агротуризмге басымдық: сала мамандары оптимистік болжам жасауда

Қазақстан бес жылдан кейін агротуризм саласынан жылына 10 миллиардқа дейін табыс таба алады. Оның шамамен 1 миллиард теңгесі шетелдік туристерден болмақ. Сала мамандары осылай дейді. Бұл ретте олар, егер әлемде ауыл-аймақтарда туристерді қабылдау жаңалық болмаса, біздің ел үшін бұл айтарлықтай жаңа туристік бағыт екендігін айтады. Агротуризмді дамыту жолында алғашқы қадамдарды жасау мақсатында отандық «Kazakh Tourism» компаниясы Қазақстандық агро және ауылдық туризм қауымдастығымен бірлесіп бірқатар шешім қабылдады. Мысалы, олар елордадан 100 шақырым жерде орналасқан ауылға журналистер үшін арнайы сапар ұйымдастырды.

ДАНИЭЛЬ СЕРЖАНҰЛЫ, «KAZAKH TOURISM» КОМПАНИЯСЫНЫҢ ӨНІМІН ДАМЫТУ ДЕПАРТАМЕНТІНІҢ ДИРЕКТОРЫ:

-  Агротурды біз қала мен ауыл адамдары бірінің бірі тыныш-тіршілігімен жақынырақ таныссын деген мақсатта ұйымдастырдық. Мысалы, қала тұрғындарына ауылда қалай өнімдердің өндірілетінін, оның ішінде бал немесе қаймақтың қалай дайындалатынын көрсету үшін. Осылайша, ауылдағыларға қаладан арнайы қонақтар келіп, олардың өнімдерін сатып алуын, яғни ауыл адамдарының қосымша қаражат табуына ықпал ету біздің көздеген мақсатымыз.

Қазір Қазақстанда агро және ауыл туризмі дамудың бастапқы деңгейінде тұрғанын айтып өткен жөн. Мамандардың айтуынша, алда көптеген жұмыстар күтіп тұр. Оның ішінде тұрақты туристік өнімді және аумақтық туристік брендтерді қалыптастыру, туристерді қабылдау және іс-шаралар өткізу бойынша ауыл тұрғындарының жұмысын дербес үйлестіру қажет, сондай-ақ, аталмыш туристік бағытты алға жылжыту коммуникациялары мен арналарын дамыту қажет.

ХАЛИДА ТӨЛЕГЕНОВА, АГРО-АУЫЛ ТУРИЗМІ ҚАУЫМДАСТЫҒЫНЫҢ ПРЕЗИДЕНТІ:

 - Біздің жұмысымыз жүйелі. Яғни, біздің өзіміздің 5 жылға арналған  стратегиямыз бар. Сондықтан бізге әлі еңбектену керек. Меніңше, бізқазір  агротуризмді дамыту үгіт-насихатының алғашқы сатысында тұрмыз, болашақта бәрін аралап, оқытып, құзыреттілік деңгейін арттыру керек.