Central Asia Nobel Fest Live: шараға 35 елден 3 мыңнан астам ғалымдар мен зерттеушілер қатысуда

Central Asia Nobel Fest Live: шараға 35 елден 3 мыңнан астам ғалымдар мен зерттеушілер қатысуда

Қазақстанда Central Asia Nobel Fest Live басталды. Әлемнің түкпір-түкпірінен атақты ғалымдарды жинаған ғылыми симпозиум онлайн-режимде өтуде. Спикерлер қатарында - Нобель сыйлығының 7 лауреаты және «ғылыми Оскардың» үш иегері – Breakthrough Prize бар. Шараның ауқымдылығы сонша, ол әлемнің 35 елінен, 105  қаласынан, 137 университеттен 3 мыңнан астам қатысушы бас қосты. Қатысушылар өзекті тақырыптарды 4 күн бойы талқылайды. Басты назарда жаһандық үрдістер мен төрт негізгі бағыттағы сын-қатерлер. Оның ішінде адами капиталдың болашағы, әлемді өзгертетін технологиялар, медицина мен ғылымдағы жаңа бағыттар, инклюзивті экономика және тұрақты даму.

«Ғылым, технология және инновация бұл прогрестің қозғаушы күші. Ал білім - дамудың негізгі компоненті. Қазір пандемияның пайда болуымен біз жоғары ғылыми-техникалық әлеуеті бар елдер ғана экономиканың өсуін тез қалпына келтіріп, дамудың алдыңғы қатарында бола алатындығына куә болдық», - деп атап өтті фестивальдің ашылу салтанатында инклюзивті Даму Қорының (IDF) директоры Мақсат Құрбенов.

Форумның бірінші күні «Инклюзивті білім жолында» сессиясынан басталды. Қатысушылардың айтуынша, бұл көбіне экономикалық мәселелерді шешудің қажетті әдістерінің бірі ретінде қарастырылады. Бұл әлеуметтік қамсыздандыруға жұмсалатын шығындарды азайту және ауызбіршілікке ықпал етудің жолы. Нобель сыйлығының лауреаты, әйелдер құқығын қорғау саласындағы белсенді, журналист Тавакуль Карманның айтуынша, коронавирустың кесірінен әлемдік қауымдастық бұған дейінгі жылдары қол жеткізген жетістіктерінен айырылуы әбден мүмкін.

«Инклюзивті білім беру мәселесі бүкіл әлемдік қауымдастық алдында өткір сұрақтардың бірі ретінде тұруы тиіс. Әркім жеке-жеке толыққанды инклюзивті білім беруге қол жеткізу мүмкін еместігін түсіну керек, бұған халықаралық ұйымдар тарапынан да, мемлекеттік құрылымдар тарапынан да бірлескен күш-жігердің арқасында ғана қол жеткізуге болады»,- деп атап өтті маман.

Central Asia Nobel Fest Live 4 қазанға дейін жалғасады. Фестивальге қатысушы ғалымдар мен экономистер медицина, жасанды интеллектті дамыту және оның еңбек нарығына әсері, болашақ аурулармен күресу әдістері және тағы басқа тақырыптар төңірегінде ой-пікір алмасады. Ұйымдастырушылардың айтуынша, фестиваль өңірлерде жаңа білім базасын құруға көмектеседі.  Сондай-ақ, олар Орталық Азия мен Кавказ өңіріндегі ауқымды шаралар өтетінін айтты. Алдағы уақытта жылына бірнеше рет түрлі ғылыми бағыттар бойынша Nobel Fest өткізу жоспарлануда.

Авторы: Ақзер Сегізбай


×