Бүгін – Халықаралық қарттар күні

Бүгін – Халықаралық қарттар күні

Халықаралық қарттар бүгінде әлем бойынша атап өтілетін мереке. Мейрамның мақсаты мен маңызы: көбіне елеусіз қалып жататын қарттарға көңіл бөлу, сондай-ақ  оларға материалдық, әлеуметтік-тұрмыстық және басқа да көмек түрлерін көрсетуге назар аударуда. Бүгінде елімізде жасы 65-тен асқан қарттардың саны 1 жарым миллионға жуықтайды. Қазақстан Республикасының Конституциясында қарт адамдардың құқықтарын сақтау, оның ішінде жасына байланысты, әлеуметтік қамсыздандырумен қатар, денсаулығын сақтау, ақысыз құқықтық жәрдем беру сияқты, кепілдендірілген көмектер қарастырылған. Одан бөлек, дәл осы күні қарт адамдардың көңіл күйіне аса мән беру мақсатында түрлі мәдени шаралар да ұйымдастырылады. Мысалы, бүгін Нұр-Сұлтанда қалалық филармония әртістері туристік автобуста арнайы концерт ұйымдастырды. Ал шырайлы Шымкенттің жастары қарияларды театрға шақырды. «Карантиндегі қызықтар» деп аталатын сахналық кеште, өнерпаздар қарттар үшін барын салып, керемет көңіл-күй сыйлауға тырысты.

«Бізді театрға шақырып жатқанына рахмет. Жастар өсе берсін, өне берсін»,- деді Шымкент қаласының тұрғыны Оразкүл Қашқынбаева.

Біз зейнеттегі қазына - қарттардың қазіргідей жағдайда уақыттарын қалай өткізіп жатқанын сұраған едік. Елорда тұрғыны Анар Зайырқызы зейнеттегі уақыты немерелердің сабағына қарасумен өтіп жатқанын айтады.

«Осындай мерекеде елеп-ескеріп жатқандарыңызға бірінші кезекте алғыс айтамын. Біз енді зейнеттегі уақытымызды немерелердің қасында өткізудеміз. Қазіргідей карантиндегі жағдайда мектепке баруға мүмкіндік болмағандықтан, оған қоса ата-аналары жұмыста болған соғң немерелеріміздің сабағын оқытып, қарасудамыз. Немерелердің қылығына қарап, оларды серуендетіп, ертеңгі күні олардың үлкен азамат болуына атсалыссақ содан артық бақыт жоқ   біз үшін»-, деп ағынан жарылды Анар Зайырқызы.

Алайда, немере-шөберенің қамымен үйде, ошақ қасында отырған ата-әжелерден бөлек, біздің елімізде де өз уақытын өзіне арнайтын, оның ішінде спортпен, сүйікті ісімен шұғылданатын қарияларымыз баршылық. Соның бірі 73 жастағы елордалық белсенді, марафоншы Әмегүлсін Мұсылманова. Қазіргі таңда ол көптеген спорттың түрлері бойынша жарыстарға, оның ішінде шаңғы тебу, керлинг, теннис ойындарына қатысады. Ол қалалық, аудандық, республикалық марафондардан шетте қалмауға тырысатындығын және спортқа тек өзі ғана көңіл бөліп қоймай, немерелерін де баулып жүргенін айтады. Көбіне әжесі немерелерімен бірге 5-10 шақырым қашықтықты бағындырады екен.

«Күн сайын жүгіруге шығамын. Спортпен қатар мен үшін дұрыс тамақтану да маңызды. Менің алғашқы мамандығым - дене шынықтыру пәнінің мұғалімі. Яғни,  өмір бойы спортпен айналысып келемін»,- дейді марафоншы Әмегүлсін Мұсылманова.

Айта кетейік, Халықаралық қарттар күні 1991 жылдың 1 қазанынан бастап атап өтіледі. Мереке БҰҰ Бас Ассамблеясының 45-ші сессиясында бекітілді.Қарттар күнін алғашқыда Еуропа, кейін Америка, ал 80-жылдардың аяғында бүкіл әлемде атап өтетін болды.

 

Фото: baribar.kz


×