Қазақстанның Экология, геология және табиғи ресурстар министрі БҰҰ саммитінде сөз сөйледі

Қазақстанның Экология, геология және табиғи ресурстар министрі БҰҰ саммитінде сөз сөйледі

Қазақстанның ең маңызды ұлттық мүдделерінің бірі – биоалуантүрлілікті сақтау. Осы мақсатта 2030 жылға дейінгі биологиялық алуантүрлілікті сақтау және тұрақты қолдану Концепциясын қабылдау көзделген. Бұл туралы БҰҰ-ның «Тұрақты даму мақсатындағы биоалуантүрлілікті сақтауға бағытталған шұғыл шаралар» атты саммитінде сөз сөйлеген ҚР Экология, геология және табиғи ресурстар министрі Мағзұм Мырзағалиев мәлімдеді. Халықаралық жиын ұйымның Бас хатшысы Антониу Гутеррештің басшылығымен өтті, деп хабарлайды еліміздің экология, геология және табиғи ресурстар министрлігінен.

«Қазақстан Үкіметі тұрақты даму мақсаттарын жүзеге асыру үшін орман қорын қорғау және жаңғырту жұмыстарын жүргізуде. Ерекше қорғалатын аумақтар кеңейіп жатыр. Жануарлардың миграциясы үшін экологиялық дәліздер жасалуда», - деді видео-үндеу жолдаған Мағзұм Мырзағалиев.

Мағзұм Мырзағалиев теңізге тікелей шыға алмайтын дамушы елдер атынан сөйледі. Өз үндеуінде ол коронавирус пандемиясы адамзат баласы мен табиғат арасындағы тығыз байланыстың маңызды екенін тағы бір еске салды.

«Халықтың өмірін қамтамасыз ету үшін теңізге тікелей шыға алмайтын елдер тобы биоалуантүрлілікке қатысты шараларды қабылдауды тездетуге шақырады. Біз жаһандық негіздемелік бағдарламаға қатысты 2020 жылдан кейінгі кезеңге арналған шаралардың жоғары дәрежеде қабылдануының маңыздылығын жеткізгіміз келеді. Негіздемелік бағдарлама теңізге тікелей шыға алмайтын елдердің биоалуантүрлілік саласындағы қажеттіліктерін өтеуі тиіс», - деді министр Саммиттегі сөзінде.

Сонымен бірге министр қазір Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың тапсырмасымен экологиялық ахуалды жақсарту үшін орман қорында 2 млрд, елді-мекендерде 15 млн ағаш отырғызылатынын жеткізді.

Айта кетейік, БҰҰ-ның бұл саммитінде адамзат биоалуантүрлілік деградациясы әсерінен бастан кешіп жатқан дағдарыс талқыланды. Мемлекеттер көшбасшылары мен өкілдері 2020 жылдан кейінгі кезеңде биоалуантүрлілікті сақтау бойынша жасалатын жаһандық бағдарламаға қатысты пікірлерін білдірді. Аталған бағдарлама 2021 жылы өтетін биоалуантүрлілік туралы тараптар Конвенциясының 15-ші Конференциясында қабылданады.

 

Фото: 24.kz