Мәжілісте мемлекеттік тапсырыспен білім алу мәселесі қаралды

Мәжілісте мемлекеттік тапсырыспен білім алу мәселесі қаралды

Студенттердің дуалды жүйе бойынша оқып жүріп алған кәсіптік тәжірибесі жұмыс өтіліне қосылуы керек. Бұл туралы бүгін Мәжілістің жалпы отырысында депутат Әбдіманап Бектұрғанов мәлімдеді. Оның айтуынша,қазір Еңбек кодексінде мұндай  норма бар болғанымен, студенттің жасаған жұмысын растайтын құжаттардың тізбесінде шарттың бұл түрі жоқ. Салдарынан жұмыс беруші болашақ қызметкерінің өндірістік тәжірибеден өткен уақытын еңбек өтілі ретінде санамайды. Аталмыш заң жобасы Мәжілістің бірінші оқылымында мақұлданды.

«Білім беру саласындағы өкілетті органға техникалық және кәсіптік орта білімнен кейінгі білімі бар кадрларды даярлауға мемлекеттік тапсырысты қалыптастыру әрі бөлу қағидаларын бекіту бойынша құзырет беру арқылы шешу ұсынылады. Мәселен, техникалық және кәсіптік білім беру жүйесінде кадрларды даярлауға мемлекеттік тапсырыс жұмыспен қамту органдарының, өңірлік кәсіпкерлер палаталарының ұсыныстары негізінде өңірлік еңбек нарығының қажеттіліктері ескеріле отырып орналастырылады. Бұл ретте мемлекеттік білім беру тапсырысын қалыптастыру рәсімі көзделмеген. Ұсынылып отырған түзету мемлекеттік тапсырысты орналастыру және оны беру кезінде сыбайлас жемқорлық факторының ықпалын төмендетуге мүмкіндік береді», - деді депутат.

Сондай-ақ, депутат грантта оқып жүрген барлық студенттер 3 жыл бойы мемлекеттік мекемеде жұмыс істеу қажеттілігі туралы ұсыныс білдірді. Ал, егер ол оқу мерзімінің тек бір бөлігін ғана бюджет есебінде өткізсе, сол оқуды еңбекпен өтеу уақыты да пропорционалды түрде қысқаруы тиіс.

 «Білім берудің жаңартылған мазмұнын ескере отырып, базалық білімді тексеруге бағытталған білім беруді сырттай бағалаудың «білім беру жетістіктерінің мониторингі» атты жаңа моделін енгізу арқылы шешу ұсынылады. Халықаралық тәжірибені ескере отырып, білім беру ұйымдарын сыртқы бағалау тетігі жетілдірілетін болады, бұл білім алушылардың білім сапасын арттыруға мүмкіндік береді. Осылайша, заң жобасын қабылдау білім беру процесін жетілдіру, оның ішінде кәсіби кадрларды даярлау және оларды одан әрі жұмысқа орналастыру үшін барлық қажетті жағдайларды жасайды деп санаймыз», - деді Әбдіманап Бектұрғанов.

Авторы: Жеңіс Ермұқанов

 

Фото: zakon.kz