Туризм: 2025 жылға дейін туризм саласы қалай дамиды?

Туризм: 2025 жылға дейін туризм саласы қалай дамиды?

Еліміздің туризм саласында жарты миллионға жуық адам жұмыс істейді. Сонымен бірге, алдағы бес жылда осы салаға тартылған қызметкерлер саны 1,5 есеге көбейеді деп межеленуде. Айта кетейік, отандық туризм индустриясынының келешегі зор. Сондықтан тартылатын инвестиция көлемі жылдан-жылға артып келеді. Мәселен, тек өткен жылдың өзінде салаға салынған инвестиция көлемі 469,5 миллиард теңгені құрады, бұл жоспарланғаннан қаржының жартысынан асып жығылған. Соңғы 10 жылда ол шамамен 3,5 есеге өсті.

«Жеке инвестицияларды тарту және туристік бағыттардың қол жетімділігін жақсарту мақсатында қажетті инженерлік инфрақұрылыммен қамтамасыз ету бойынша белсенді жұмыс жүргізілуде. Осыған орай Үкімет облыстық әкімдіктермен бірлесіп жалпы сомасы 51 млрд теңгені құрайтын 45 жобаға республикалық бюджеттен қаржы бөлді. Соңғы жылдары белгілі бір туристік аймақтардағы инфрақұрылым  мұндай басым және ауқымды деңгейде қаржыландырылған емес», - деді МСМ Туризм индустриясы комитетінің төрағасы Дастан Рыспеков.

Сарапшының айтуынша, өткен жылы елге келген шетелдік туристер саны 8,5 миллионды құрады, бұл жоспарланған көлемнен 9% артық. Бұған, бірінші кезекте, визасыз режим қолданылатын елдер тізімін кеңейтудің және электронды виза порталын енгізудің арқасында қол жеткізілді. Ішкі туризмді дамыту көрсеткіштеріне келетін болсақ, жоспар шамамен 40% асырылды, деп атап өтті спикер, ал туристер саны 6,6 миллионға жетті.

«2019 жылдың аяғында оң динамика әртүрлі әлемдік рейтингтерде де байқалды. Туризм инфрақұрылымын дамыту жөніндегі Дүниежүзілік экономикалық форумның рейтингінде Қазақстан 97-орыннан 90-орынға көтерілді. Маркетинг пен брендингтің тиімділігі бойынша Қазақстан 102-орыннан 99 көтерілді. Британдық Backpacker Society қоғамының мәліметі  бойынша, Қазақстан алдағы 10 жыл ішінде шытырман оқиғалы туризм елдерінің рейтингіне кірді.  Халықаралық конгресстер мен конференциялар қауымдастығының мәліметтері бойынша, Қазақстан MICE туризмін дамытуда 79-шы орында. Осылайша, ТМД-дағы ең жақын көршілерінен озып тұр. БҰҰ жанындағы Дүниежүзілік туристік ұйым Қазақстанды туристік индустриясы қарқынды дамып келе жатқан 20 елдің қатарына қосты », - деп атап өтті Мәдениет және спорт министрлігінен.            

Жалпы, аймақтық жобалық кеңселер мен бастамашылардың ұсыныстарын ескере отырып, 2025 жылға дейін туризм саласындағы 150 инвестициялық жобаны жүзеге асыру жоспарланып отыр. Олардың жалпы сомасы шамамен 1,7 трлн теңгені құрайды. 5 жыл ішінде елдің туристік саласында 170 мың жұмыс орны ашылып, Қазақстан экономикасына 135 миллиард теңгеден астам сомаға қосымша бюджеттік кірістер тарту, сондай-ақ 1000-нан астам инвестициялық жобаларды іске асыру жоспарланып отыр.

Авторы: Әсел Күшенғалиева

 

Фото: inbusiness.kz