Алексей Цой: Шетелге әуе қатынасын шектеу қажет

Алексей Цой: Шетелге әуе қатынасын шектеу қажет

Халықаралық әуе рейстерін шектеу қажет. ҚР Денсаулық сақтау Министрі Алексей Цой елде коронавирус инфекциясының таралуына жол бермеу үшін Үкіметке осы текті бірқатар шара қабылдауды ұсынды. 

«Шет елдерде коронавирус инфекцияының тарауы бойынша жағдайдың күрделеніп бара жатқанын ескере отырып, инфекцияның ел ішінде таралуына жол бермеу үшін 5 қазаннан бастап басқа елдермен қосымша әуе қатынастарын жандандыруды тоқтату ұсынылады. Сонымен бірге, бүгінге дейін әуе қатынастары ретке келтірілген елдермен әуе рейстерін арттырмауды, одан бөлек Түркия Республикасына рейстер санын азайтуды ұсынамыз. Екінші санатқа жататын мемлекеттерден келетін адамдарға келесі талаптарды міндеттеу керек: термометрия, анкеталау, коронавирус бойынша тесттен өткені туралы мерзімі көрсетілген анықтама (3 тәулік бұрынғы). Анықтама болмаған жағдайда келген адамдар карантиндік стационарда екі аптаға дейін оқшауланады», - деді Алексей Цой.

Министр дәл осы талаптарды шекаралық бекеттер арқылы елге кіретін адамдарға да қолдануды сұрады. Сонымен қатар, Алексей Цой қатерлі індетттің қайтадан өршіп кетуіне жол бермеу үшін дәрі-дәрмекпен қамтамасыз ету бойынша шұғыл шаралар қабылданғанын жеткізді. Аймақтар медициналық препараттардың 91 түрі бойынша құны 14 миллиард теңгелік қосымша заттарға өтініш жасады.

«Жоғарыда аталған соманың 11,4 млрд теңгелік дәрі-дәрмегі тиеліп, аймақтарға жеткізілді. Аймақтардың бәрінде қажетті дәрі-дәрмектер бойынша құны 13 млрд теңге болатын қосымша тұрақтандыру қорлары құрылды. Амбулаториялық деңгейде берілетін дәрі-дәрмектің тізімі ұзартылды», - деді Алексей Цой.

Министрдің айтуына қарағанда коронавирусты үйден емдеу үшін 1 миллион адамға жыл соңына дейін тегін дәрі-дәрмек қарастырылған. Бұған қоса қазан айының соңына дейін 3 100 төсек орынға шақталған  13 модульді инфекциялық ауруханының құрылысын аяқтау жоспарланып отыр.  Ол нысандар облыс орталықтары мен Алматыда орналасқан. Қосымша 2 619 жасанды тыныс алу аппараты сатылып алынады.

«Жедел жәрдем қызметін 1 667 санитариялық автокөлікпен қамтамасыз ету көзделген. Ауылды елді мекендерді медициналық қызметпен қамтамасыз ету үшін жылжымалы 100 медициналық пункт сатып алынды. Олардың бәрі де осы жылдың қазан айының ортасына дейін жеткізіледі», - деді Алексей Цой.

Министр  коронавирус инфекциясына қарсы вакцинаның тиімділігін анықтау үшін екпе жасалатын тәуекел топтары айқындалғанын да мәлім етті.  Алдын ала мәлімет бойынша, ол санатқа жататын адамдардың саны – 2,8 млн. Бұл – бүкіл халықтың 15 пайызы.

Авторы: Жеңіс Ермұқанов

 

Фото: informburo.kz