ІІМ: Карантин режимін бұзудың 28 мың жағдайы анықталды

ІІМ: Карантин режимін бұзудың 28 мың жағдайы анықталды

Карантин уақытындағы талаптардың ескерілуі мен қоғамдық тәртіп полиция қызметкерлерінің жіті бақылауында. Тәртіп сақшылары денсаулық сақтау саласының мамандары және жергілікті атқарушы органдардың өкілдерімен бірге ел ішінде 5 мыңнан астам бірлескен рейд жүргізген. Бұл жөнінде бүгін  Үкімет отырысында  Ішкі істер министрі Ерлан Тұрғымбаев мәлімдеді. Оның айтуынша осы іс-шаралардың арқасында карантин режимін бұзудың 28 мың жағдайы анықталған. Оның 4600-і сауда орталықтарында, дүкендер мен базарларда тіркелсе, 1700 дерек мейрамханалар мен басқа да тамақтану орындарында анықталды. Ведомства басшысы құқық қорғау органдары карантин режимін күшейтуге сақадай сай екенін айтты. 

«Қазіргі таңда біздің министрлік денсаулық сақтау саласының органдарына карантиндік және шектеу шараларының сақталуына көмектесіп келеді. Бұл мақсатта күн сайын 10 мыңнан аса полицей, Ұлттық ұлан сарбаздары мен волонтерлар жұмыс істеуде. Екі облыстағы бас санитарлық дәрігердің қаулысына сәйкес, екі аймақта төрт блок-пост пен екі санитарлық пост қойылды. Сонымен бірге полиция 299 карантин нысанын бақылауда ұстап отыр. Сонымен бірге, медициналық мекемелердің сұрауы бойынша коронавирус жұқтырған азаматтармен байланыста болған азаматтарды анықтап жатырмыз», - деді Ерлан Тұрғымбаев.

Министр сондай-ақ, қоғамдық тәртіпті бақылау жүргізу барысында полиция қызметкерлері карантин режимінің өрескел бұзылуының 15 мың жағдайын – тойлар мен еске алу шараларының өтуі, демалыс орындарының жұмыс істегені анықталғанын айтты.

Авторы: Жеңіс Ермұқанов

 

Фото: tengrinews.kz