А. Балаева: Ұлттық кеңес өз жұмысын «Халық үніне құлақ асатын мемлекет» қағидасымен жалғастыра береді

А. Балаева: Ұлттық кеңес өз жұмысын «Халық үніне құлақ асатын мемлекет» қағидасымен жалғастыра береді

Ұлттық қоғамдық сенім кеңесі қазақстандық қоғамда ой еркіндігі мен пікір алуандығына шектеу жоқ екенін көрсетті. ҚР Ақпарат және қоғамдық даму министрі Аида Балаева бұл туралы ҚР Президенті Телерадиокешенінің YouTube арнасындағы «Балаеваға 3 сұрақ» бағдарламасының 6-шығарылымында мәлім етті. Сала басшысы былтыр құрылған кеңестің бір жылдан астам уақыттың ішіндегі жұмысына шолу жасап, алдағы уақыттағы қызметіне қатысты ойларымен бөлісті.

Министр Ұлттық қоғамдық сенім кеңесі жұмысының ең негізгі нәтиже ретінде саяси реформалар топтамасын атады. Яғни, «Бейбіт жиналыстарды ұйымдастыру және өткізу тәртібі туралы» жаңа заң қабылданып, «Саяси партиялар туралы», «Сайлау туралы», «Парламент және оның депутаттарының мәртебесі туралы» заңдарға өзгерістер енгізілген. «Ардагерлер туралы» жаңа заң қабылданып, сыртқы қарыз бірыңғай реестрі бекітілді. Шетелдік жұмыс күшіне квота екі есеге қысқарды. Ауыл шаруашылық жерлерін тиімді пайдалану бойынша ғарыштан мониторинг жобасы жүзеге асып, мемлекет меншігіне 7 млн га пайдаланылмайтын жайылым қайтарылды, деді сала басшысы.

Сонымен қатар, Аида Балаева кеңес өз жұмысын «Халық үніне құлақ асатын мемлекет» қағидасымен алда жалғастыра беретінін жеткізді. Онда көтерілетін мәселелер уақыт талабына сай жаңарып, ол қоғамның барлық салаларындағы өзекті мәселелермен айналысады.

Авторы: Ақзер Сегізбай

 

Фото: liter.kz