Өңірлердегі волонтерлер мәдени-тарихи мұраны сақтау жобаларына тартылды

Өңірлердегі волонтерлер мәдени-тарихи мұраны сақтау жобаларына тартылды

«Birgemiz: Asyl mura» жобасына Қазақстанның барлық өңірлерінен еріктілер қатысуда. ҚР Ақпарат және қоғамдық даму министрлігінің хабарлауынша, жоба аясында Тараз, Қарағанды, Түркістан қалаларында 3 қолдау орталығы құрылып, оған 1000 қазақстандық волонтер қамтылды. Жастарға тарихи-мәдени мұра объектілерінде жұмыс істеу дағдылары үйретіледі. Бүгінде арнайы іріктелген 17 үйлестіруші халықаралық сарапшылардан бейінді дайындықтан өтуде.

Жоба қолға алынғалы волонтерлер Шығыс Қазақстан, Солтүстік Қазақстан, Жамбыл, Алматы, Ақтөбе, Түркістан облыстарындағы 10 археологиялық жобаға қатысты. Олар үшін арнайы практикалық сапарлар ұйымдастырылды. Мәселен, Отырар қаласында қалпына келтіру жұмыстары жүргізілді, Түркістанда еріктілер Дарбаза қақпасының қабырғаларын төсеуге қатысты, Ақмола облысында «АЛЖИР» мемориалды-мұражай кешенін қалпына келтіруге және «Жасыл мешіт» қабырғасын қалпына келтіруге көмектесті.

Сонымен қатар, жоба аясында «Asyl mura life» республикалық онлайн-байқауы өтуде. Мақсат – балалар мен жастардың, халықтың назарын мәдени мұраға аудару, ұлттық құндылықтар туралы түсінік қалыптастыру. «Birgemiz: Asyl Mura» жалпыұлттық жобасының амбассадоры - актер Әділ Ахметов, қолөнерші, «Алтын сапа» сыйлығының лауреаты Ырза Тұрсынзада, белгілі коллекционер-этнограф, Бахаргүл Төлегенқызы конкурсқа қатысушыларға тарихи-мәдени мұра, дәстүрлер, ұлттық тағамдар мен ұлттық ойындар бойынша тапсырмалар береді.

Сондай-ақ, тарихи-мәдени мұра объектілерін сақтау бойынша жергілікті волонтерлік бастамалар үшін 68 шағын грант үлестірілді.

 

Фото: youtube.com