Абайдың «Қара сөздері» өзбек тілінде

Абайдың «Қара сөздері» өзбек тілінде

Абайдың «Қара сөздері» өзбек тілінде басылып шықты. Ақынның 175 жылдығына орай Ташкентте басылымның тұсаукесері өтті. Ұлы ойшылдың өнегелі өсиетін өзбекшеге аударған – педагогика ғылымдарының докторы Қозоқбай Йулдошев. «Ұрпаққа ғибрат болсын» деп жазған Абай Құнанбайұлының еңбегін аудармашы жарты жыл бойы тәржімалаған екен.

«Абайдың тұщымды пікірлері, салиқалы ойлары, ұрпаққа қалдырған әрбір сөзі сүйектен өтеді. Мейлі қазақ, мейлі өзбек, мейлі орыс болсын – ұлы ақынның өсиет-аманаты бәрімізге де керек. Сол себепті біз ғұламаның «Қара сөздерін» өзбек тіліне аударып отырмыз. Негізі Абай Құнанбайұлының бұл еңбегіндегі философиялық ойларын өзбекше жеткізу қиын болды. Дегенмен біз мейлінше түсінікті етіп тәржімалауға тырыстық»,- дейді педагогика ғылымдарының докторы, аудармашы Қозоқбай Йулдошев.

«Шамасы 80 жыл бұрын өзбек ақыны Насыл Фазылов Абайдың «Қара сөздерін» өзбек тіліне аударған болатын. Онда араб және парсы сөздері көп кездескен. Бірақ бүгінгі таңда аудамашы Қозоқбай Иулдошев жаңа форматта, қазақ пен өзбек тілдерін ұштастырып, жақындастырып аударып отыр»,- дейді Қазақстанның Өзбекстандағы Елшілігінің кеңесшісі Руслан Дүйсенов.

Айта кетейік, өзбек оқырмандарына жол тартқан ақынның нақыл сөздері Қазақстанның Өзбекстандағы елшілігі мен Халықаралық түркі академиясының қолдауымен жарық көрген.


Фото: 24.kz