Абай 175 жылдығы: айтулы іс-шаралар жалғасын табуда

Абай 175 жылдығы: айтулы іс-шаралар жалғасын табуда

Өзбекстан астанасынан 60 километр жерде Абай ауылы орналасқан. Кеңес кезінде озық совхоз болған бұл мекеннің атауы 1994 жылы ұлы ақынның 150 жылдығы құрметіне өзгертілген. Бүгінгі күні мұнда 2,5 мыңға тарта қазақ тұрады. Бұл – жергілікті тұрғындардың 60 проценті. Қандастарымыз тілі мен ділін сақтап, дәстүрін берік ұстанып келеді. Оларға ана тілінде білім алуға да жағдай жасалған.

«2018 жылы Өзбекстанда Қазақстан жылы болғандықтан, Президент Шавкат Мирзиеев осы мектепке Абай атын берді. Содан бері Абай атындағы №16 мектеп болып аталып келеміз. Мектепте 405 оқушы оқиды. Жартысы өзбек тілінде. 205 бала қазақ тілінде сабақ өтеді»,- дейді Абай Құнанбаев атындағы №16 мектеп директоры Лола Жүзбаева.

Қандастарымыз ауылдарына Абай аты берілгенін мақтан тұтады және өскелең ұрпақты ұлы ойшылдың есіміне лайық болуға тәрбиелейді.

Ғұлама ақынның 175 жылдығы аясындағы іс-шаралар Түркияда да жалғасын тауып келеді. Атап айтқанда, Ыстамбұлдағы даңғылдың біріне ғұлама Абайдың есімі берілмек. Түркиядағы республика елшілігі мен консулдық жүргізген жұмыстың нәтижесінде Зейтинбұрну ауданында Абай даңғылының лентасы қиылатын болады.

Бүгінгі таңда Түркияның түкпір-түкпірінде алып ақынымыздың ардақты есімін еншілеген көшелер бар. Бірнеше қалада ақын бюсті мен саябағы ашылған. Ыстамбұлдағы орта білім ошақтарының бірі Абай Құнанбайұлы атында.