Назарбаев Университетінде Қазақстанның киелі жерлерінің интерактивті картасының тұсаукесері өтті

Назарбаев Университетінде Қазақстанның киелі жерлерінің интерактивті картасының тұсаукесері өтті

Дінтану, мәдени антропология, археология, киелі ландшафттарды, діни объектілерді  және діннің кеңістік өлшемдерін зерттеудегі пәнаралық тәсілдерді талқылау. Осы мақсатта Нұр-Сұлтанда Назарбаев Университеті ұйымдастырған екі күндік халықаралық онлайн конференция басталды. Іс-шараға Ресей, Қазақстан, Қытай, Франция, АҚШ, Чехия, Австралия, Сингапур және Германиядан ғалымдар мен зерттеушілер қатысады.

«Бұрыннан бері тарих, дінтану және археологияны зерттеудегі пәнаралық тәсіл маңызды шаралардың бірі. Географиялық ақпараттық жүйенің (ГИС) дамуына байланысты ғалымдар діни сайттар мен тарихи орындарды тереңірек талдау мен іздеу үшін осындай технологияларға бет бұра бастады. Жаңа технологиялар тарих ғылымына орасан зор мүмкіндіктер ұсынады», - дейді тарихшы, Германиядағы Гейдельберг университеті зерттеу тобының жетекшісі Иван Саблин.

Іс-шара аясында цифрлық гуманитарлық немесе әлеуметтік компоненті бар зерттеулер мен жобалар, соның ішінде фотограмметрия, электронды атлас, картография және мәдени мұраны сақтауға арналған ГАЖ (ГИС), педагогика және туризм сияқты технологиялар ұсынылатынын да айта кеткен жөн.

«Зерттеушілер мен қарапайым адамдардың көмегімен осы күнге дейін Қазақстан аумағынан ескі қорымдар мен ескерткіштер табылуда. Мәселен, 2014 жылы ғана Үшаралдағы фермер несторлық христиандардың үлкен қорымын тапты. Осының негізінде 2016 жылы ежелгі Ілебалық қаласының орнында   несториандық зират  ашылды. Бұл христиан қауымдастықтары Қазақстанда монғол шапқыншылығы кезінде де болған деген болжам жасайды»,- дейді Оңтүстік Австралия университетінің конференцияға қатысушысы Ричард Браун.

Іс-шара аясында дінтанушы ғалымдардың Қазақстанның киелі жерлерінің интерактивті картасын жасау жөніндегі үш жылдық ғылыми-зерттеу жобасының нәтижелері ұсынылатын болады. Бүгінгі таңда картада 1,5 мыңнан астам объект ұсынылған, бұл оны Қазақстанның киелі географиясының көпшілік қауымға қолжетімді карталарының ішіндегі ең толық нұсқасы етеді.

Сонымен қатар, карта кез келген адам оны кері байланыс жүйесі арқылы толықтыруға қатыса алатындай етіп жасалған. Айта кетейік, интерактивті картаның киелі объектілерінің паспорттарын жасау үшін жобаға қатысушылар Қазақстанның әртүрлі облыстарына бірқатар экспедициялар ұйымдастырып, бай материал жинап, түркі, араб, парсы, ойрат және шіркеу-славян тілдеріндегі бірегей қолжазбалардың құнды коллекцияларын тауып, сипаттап берді.