15 миллионнан астам қазақстандық МӘМС жүйесінде тіркелген

15 миллионнан астам қазақстандық МӘМС жүйесінде тіркелген

Қазіргі таңда медициналық сақтандыру жүйесінен 3,4 млн адам тыс қалып отыр. Ал 15,3 млн қазақстандық тұрақты жарна төлеуде. Бұл туралы «Әлеуметтік медициналық сақтандыру қоры» КЕАҚ Басқарма төрағасы Болат Төкежанов мәлімдеді. Өз сөзінде ол төтенше жағдай кезеңінде халықтың бір бөлігі табысынын айырылып, жарнаны енгізу мүмкіндігі болмағандығын және азаматтарға мемлекет сақтандыру мәртебесін қалпына келтіру үшін көмектескендігін айтты. Қабылданған шаралар нәтижесінде медициналық сақтандыру жүйесіне 740 мыңға жуық адам қайтарылған.

«Қазіргі уақытта МӘМС-те 15,3 млн-нан астам адам бар. 1 қыркүйектегі жағдай бойынша медициналық сақтандыру жүйесінен тыс 3,4 млн адам бар. Оның ішінде 2 млн - нан астам адам БЖТ төлеушілер, дербес төлеушілер, жалдамалы жұмыскерлер, ЖК, жеке практикамен айналысатын адамдар аударымдардың тұрақсыздығына байланысты жүйеден тыс қалып отыр. 2020 жылдың қаңтар айынан бастап 1,3 млн адам МӘМС жүйесіне жарналар мен аударымдарды бір де бір рет төлемеген, сондықтан медициналық сақтандыру жүйесінен қалыс қалып отыр», - деді Болат Төкежанов.

Сондай-ақ, Болат Төкежанов МӘМС жүйесінен тыс қалғандарды қатысушы болуға шақырды. Ол сақтандырылған азаматтар үшін медициналық қызметтердің көлемі мен құнына қатысты шектеу жоқтығын және МӘМС-ке жылына 25 мың теңге көлемінде ең төменгі төлем жасаған пациент аударған сомасына қарамастан медициналық көмекті тегін ала алатындығын айтты.

Авторы: Ақзер Сегізбай

 

Фото: inform.kz


×