«Бекем бауырластық байланыстар: Манастан Абайға дейін»

«Бекем бауырластық байланыстар: Манастан Абайға дейін»

Елордада түркі әлемінің қазынасына айналған екі бірдей нар тұлғаға арналған кітаптардың тұсауы кесілді. Сиясы әлі кеппеген еңбектердің бірі «Манас» эпосының қазақ тіліндегі жаңа нұсқасы. Дүниежүзіндегі ең көлемді ауыз әдебиетінің 65-тен астам жазбаша нұсқалары белгілі. Сол үлгілерінің бірі 500 мыңға жуық жолдан тұрады. Шежірелі дерегімен ерекше тұлғаланып тұратын жыр біз үшін де ерекше жақын. Онда қазақ рулары мен батырлары жайлы құнды мәліметтер кезігеді. Манастың ғажайып құпиясын ашып, тұңғыш зерттеген ғалым Шоқан Уәлиханов. Ұлы ағартушы дастан бөлімдерін қағазға түсіріп, көлемді үзіндісін орысшаға аударған. Бұл игі іс Мұхтар Әуезов пен Әлкей Марғұлан еңбектерінде жалғасын тапты. Бүгінде қырғыз халқының дәстүрлі эпосын жатқа білетіндердің қатары тым сирек. Көлемді тарихи туындыны әуелете жырлайтын «манасшылардың» бірі – қазақстандық  Баянғали Әлімжанов. Ақын, жазушы, драматургтың жинақтап, аударуымен «Манас» жыры араға 60 жыл салып, қайта қазақ тілінде жарық көрді.

«Манасты өткен ғасырдың 60 жылдары Мұхтар Әузовтың алғы сөзімен қазақтың үлкен ақындары аударған. Бірақ ол кітап қазір сирек, қолға түсе бермейді. Оның өлеңі ұзақ. Маған ой келді. Ықшамдап, бір томға сыйғызып, арасында қара сөзбен баяндап отырып халық қызығатындай және Манастың мазмұнын негізін сақтап, оның рухын, көркемдік бояуларын жеткізуге тырысып осындай қазақша нұсқасы дүниеге келді. 67 күнде жасап шықтым», -дейді Баянғали Әлімжанов

Шара барысында Абай Құнанбайұлы шығармаларының қырғыз тіліндегі алғашқы академиялық басылымының тұсаукесері өтті. Қырғыз тілдеріне Абай 1930-1940 жылдары аударыла бастаған. Бірақ арнайы жинақ болып шықпаған. Ұлы ақынның 175 жылдығына орай кітап Түркі Академиясының бастамасымен жарық көрді.

«Абайдың таңдамалы жинақтары Бішкекте жарық көрді. Сондықтан ол Қырғызстанның кітапханаларына, рухани ордаларына, зиялы қауымына таратылады.  Ал «Манас» эпосы Нұр-Сұлтан қаласында қазақ тілінде жарық көргендіктен, оны біз қазақ оқырмандарына таратамыз», - дейді Халықаралық Түркі Академиясының Президенті Дархан Қыдырәлі.

Айта кетейік, биыл Баку қаласында өткен Түркі Академиясының Ғылыми кеңесінде 2020 жылғы Түркі әлемінің айтулы даталары қатарында Maнас дастанының 1125 жылдығы мен Абай Құнанбайұлының 175 жылдығын атап өту шаралары бекітілген еді.

Авторы: Жеңіс Ермұқанов

 

Фото: aikyn.kz