Қазақстан халқы Ассамблеясы БАҚ өкілдерін марапаттады

Қазақстан халқы Ассамблеясының 25 жылдығына орай бірқатар бұқаралық ақпарат құралдары өкілдері марапатталды. Көпұлтты елдің қаймағы бұзылмаған бейбіт тірлігіне сызат түсірмеу қамында үлесі сіңген қаламы қарымды әріптестеріміз ерекше құрметке бөленді.

Ауызбіршілікке үндеп, ұлтаралық келісімді насихаттау бағытында еңбектері еленгендердің қатарында «Хабар» агенттігінің басқарма төрағасы Ерлан Бекхожин мен Kazakh TV арнасының директоры Майя Бекбаева болды.

Арна жетекшісінің айтуынша, көк туының астында көп ұлтты жиған Қазақстанның достық моделі көпке үлгі. Бұл – еліміздің басты бренді. Төңірегіне бірнеше ұлт өкілдерін қосып, 5 бірдей тілде ақпарат тарататын Kazakh TV арнасында осы тақырып бойынша бірқатар тың жобаларды жүзеге асырып келеді.  

МАЯЙ БЕКБАЕВА, KAZAKH TV ТЕЛЕАРНАСЫНЫҢ ДИРЕКТОРЫ:

 - Ұлтаралық келісім тақырыбы өте өзекті. Оған бей-жай қарауға болмайды. Яғни, осы тақырып бойынша арнамызда шығатын барлық материалдар көрерменнің көңілінен шығып, оның мәнін жан-тәнімен түсінгенін қалаймыз. Сондықтан біздің журналистер, жалпы «Хабар» агенттігінің ұжымы осы бірегей жобалар арқылы адамдарға ұлтқа бөлініп- жіктелмейтін бірлігі жарасқан елде тату өмір сүріп жүргендерін және оның маңызын барынша ұғындыруға тырысамыз.

Айта кетейік, жыл басынан отандық ақпарат құралдарында ұлтаралық келісім тақырыбы аясында 8 мыңнан астам материал шыққан.  Оның тең жартысы интернет-ресурстарда жарияланса, телеарналар 1,5 мыңнан артық бейнематериал көрсетті. Ал 3,5 мыңы газет беттерінде басылған. 

Авторы: Жеңіс Ермұқанов


×