Волонтерлікке оқыту қалай жүргізіледі?

Волонтерлікке оқыту қалай жүргізіледі?

Түрлі оқыс жағдайларға психологиялық тұрғыда дайын болу және алғашқы көмек көрсете білу. Нұр-Сұлтандағы волонтерлер мектебіндегі тыңдаушыларға үйретілетін маңызды дағдылардың бірі - осы. Мұндағы оқыту жыл сайын өткізіледі. Елорда әкімдігі баспасөз қызметінің хабарлауынша, қазіргі уақытта «Астана жастары» КММ-дегі еріктілер тізімінде екі мыңға жуық адам бар. Ерікті болғысы келетіндер үш кезеңнен тұратын оқудан өтуі керек. Бірінші бастапқы дайындық курсы қарастырылған. Ол шамамен он сабақтан тұрады. 

«Алдымен бастапқы дайындық курсынан өту керек. Онда алғашқы медициналық көмек көрсетуді үйретеді, түрлі психологиялық тренингтер өткізеді. Яғни, жалпы дайындық жүргізіледі», - дейді Нұр-Сұлтан әкімдігінің «Астана жастары» басшысы Шыңғыс Тілеулин.

Ал одан кейін волонтерлер мамандандыру курсынан өтеді. Онда еріктілер бағыттарға бөлінеді.

«Төтенше жағдайлардағы көмекке қатысқысы келетіндер мамандармен бірге дайындықтан өтіп, оқу-жаттығу жиындарына барады. Сонымен қатар халықаралық еріктілер мен әлеуметтік еріктілерге арналған тренингтер өткізіледі. Әрі қарай тікелей акциялар кезінде практикалық сабақтар болады», - деп толықтырды Шыңғыс Тілеулин.

Ұйымда 2014 жылдан бастап бүгінге дейін шамамен 2,5 мың адам оқытылғандығын атап өткен жөн. Еріктілер Арыстағы оқыс оқиғадан кейін қаланы қалпына келтіруге, елімізде коронавирус өршіген кезде мұқтаж азаматтарға көмек көрсетті. Сондай-ақ, Қазақстанда бұған дейін ұйымдастырылған түрлі халықаралық іс шараларға атсалысты. Айта кетейік, елордада биыл 300-ге жуық волонтер оқыту жоспарланып отыр.

Авторы: Ақзер Сегізбай

 

Фото: astana.gov.kz