Әуе рейстері қайта жанданды: халық қалай қабылдап жатыр?

Әуе рейстері қайта жанданды: халық қалай қабылдап жатыр?

Қазақстан халықаралық бағыттардағы тұрақты әуе рейстерін біртіндеп жандандыра бастады. Енді бұл тізімге Ресей Федерациясы да қосылды. Еліміздің Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрлігі Азаматтық авиация комитетінің хабарлауынша, 21 қыркүйектен бастап көрші елге аптасына 2 рейс жасау жоспарланған. Қазіргі уақытта авиакомпаниялар ұйымдастыру мәселелерімен айналысуда, деп атап өтті департамент.

«Ағымдағы жылдың 11 маусымы мен 11 тамызындағы ведомствоаралық комиссияның шешімдерін орындау мақсатында 20 маусымнан бастап аптасына 89 рейстен тұратын 19 бағыт бойынша 10 елге тұрақты халықаралық рейстер біртіндеп қалпына келтірілді. Сондай-ақ, 11 қыркүйектен бастап Египетке чартерлік рейстер Алматы - Шарм-эль-Шейх бағыты бойынша қалпына келтірілді»,- деді Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрлігі Азаматтық авиация комитеті халықаралық қатынастар басқармасының сарапшысы Азиз Досымбетов.

Азаматтық авиация комитетінің хабарлауынша, тізім бас мемлекеттік санитарлық дәрігер мен COVID-19 инфекциясына қарсы күрес жөніндегі ведомствоаралық комиссияның шешімдері негізінде бекітілген. Айта кетейік, елдердің әуе қатынасын қалпына келтіру туралы саяси шешіміне қарамастан, авиакомпаниялар рейстерді 21 қыркүйектен бастап емес, толығымен дайын болған кезден және ұйымдастырушылық мәселелер шешілгеннен кейін бастауы мүмкін. Бірақ қазақстандықтар бұл туралы не ойлайды?

«Шынымды айтсам, мен үкіметтің немесе мемлекет басшыларының, еліміздің бас санитарлық дәрігерінің логикасын түсінбеймін. Қазір күз мезгілі, нағыз түрлі вирустардың таралуы үшін ең жақсы уақыт. Шекараны дәлі қазіргі уақытта ашу орынсыз деп ойлаймын. Қайта індет таралып, карантинге жабылады. Оның үстіне қазір ресми БАҚ өкілдеріне сенсек, кейбір елдерде екінші толқын басталды», - дейді елорда тұрғыны Мадина Батырбаева.

«Мен шынымен бұған қарсымын! Егер адамдар жай демалысқа кетсе. Келген кезде ешқандай оқшаулау режимі қарастырылмаған. Мен шетелден келгендер арнайы тест тапсырулары немесе карантинге жатқызылуы керек дегенді оқыған едім.  Бірақ бұған көбі жауапкершілікпен қарамауы мүмкін. Сондықтан не індетті қайта алып келеді, не елімізден шетелге алып кетеді», - деп білдірді өз пікірін Динара Дулат.

«Мені Қазақстанның бірқатар шет елдермен халықаралық рейстерді қалпына келтіретіні туралы жаңалықтар қуантты. Жеке өзім мұны көптен күттім. Карантинге дейін мен БАӘ баруды жоспарлаған едім. Енді, міне, сәті де түсті», - дейді Светлана Иванова.

Айта кетейік,  елордалық туристік агенттіктердің хабарлауынша, бүгінгі таңда Біріккен Араб Әмірліктері - қазақстандық туристер арасында ең танымал. Жалпы, халықаралық әуе жолдарының жаңаруымен шетелдік туристік пакеттерге сұраныс та артып келеді.

«Шекаралардың ашылу жағдайы өте жағымды жаңалық. Бүгінгі таңда жарнамаларды мүлдем жарияланбағанын ескерсек, сұраныс 1,5-2 есеге артқан. Туристер агенттіктерді өздері іздеп, тапқан. Тіпті, шекаралардың ашылуын асыға күткендер да бар. Олар күнара хабарласып, үнемі байланыста болды. Шекара ашылысымен бірінші рейспен ұшып кеткен саяхатшылар да бар. Тіпті, ондай туристердің қарасы да қалың», - дейді елордалық туристік агенттіктің өкілі Меруерт Саметова.

Сарапшылардың пікірінше, коронавирустық инфекцияның бүкіл әлем бойынша жаһандық таралуына және кейіннен шекаралардың жабылуына байланысты жағдай ішкі туризмнің дамуына оң әсер етті. Сонымен, отандастар үшін ең көп таралған бағыттардың бірі елдің шығысы мен батысында орналасқан курорттар, атап айтқанда Алакөл мен Каспий теңізі маңындағы демалыс аймақтары болды.

Авторы: Әсел Күшенғалиева

 

Фото: oxu.az