Әлеуметтік желідегі алаяқтық: Қазақстанда киберқылмыстардың жаңа түрлері белең алуда

Әлеуметтік желідегі алаяқтық: Қазақстанда киберқылмыстардың жаңа түрлері белең алуда

Киберқауіпсіздік бойынша сарапшылар дабыл қақты: ғаламтор желісінде скам деп аталатын онлайн алаяқтық фактілері белең алып барады. Соңғы кездері адамдар осы қылмыс түрінен жапа шегіп, сандарын соғып қалуда. Бұл дегеніміз негізінен көрсетілмеген қызметтер үшін алынатын азғантай қаржылық қылмыстар. Бүгінде ұтыс, оңай жолмен пайдаға кенелу немесе жеңілдетілген қызмет түрлері жөнінде келетін хабарламалар қаптап кетті. Ондағы алаяқтардың мақсаты адамдарды алдап-арбап, қалтасын қағу. Жыл басынан ғана мамандар осындай келеңсіз жайттарды әшкерелеп, 700 мыңға тарта жалған сайт парақшараларына кірмек болып талпынған  ел азаматтарын уақытында тоқтатып үлгерген.

Телефонмен-ақ аузыңды аңқитып кететін алаяқтар да тыйылмай тұр. Әдеттегі сценарий бойынша адамның сеніміне кіруді шебер меңгерген олар жиған-тергеніңізді әп-сәтте үптеп кетуі мүмкін. Көп жағдайда ондай алаяқтардың құрығына аңқау адамдар ілігіп, есеп шотындағы қаржыны өзі-ақ аударып жібереді.

Көмекке зәру әлеуметтік аз қамтылған жандарды да жылатып  кетуден тайынбайтын арамтамақтар баршылық. Мәселен, жақында тағайындалған 42500 теңгенің өзіне қол сұғуға дейін барған жайттар тіркелді. Олар желіде ондаған жалған парақшалар  ашып, арам ойларын жүзеге асырған. Адамдарға азын-аулақ ақша ұсынып, жеке деректерін біліп, өз кәделеріне жаратқан. Кіші-және орта бизнестің табысына көз тігіп жүрген онлайн алаяқтарда көбейіп барады дейді, мамандар. Кәсіпкерге электронды хат келеді. Онда ішкі бухгалтерлік есеп шотына қаржы түскені жайында хабарланады.

«Кейін заңды сайтқа өту жөніде сілтеме жіберіледі. Оған кірген сәтте көпшілікке танымал эквайринг-провайдердің атынан операциялық төлем ретінде өтемақы  түскені жөнінде хабарлама келеді. Оны басқан сәтте өзге скам ресурске қайта адрестеледі. Оған көшкен кезде тағы бірнеше қадам жасау керектігі айтылады. Мәселен, жеке кабинет ашып, оған құпия сөз таңдау, аты-жөніңді жазу сынды әдеттегі тіркелуге қатысты  нұсқаулар беріледі. Ол барлық іс-әрекеттер заңды жүріп жатқандай сыңай таныту үшін жасалады», - дейді киберқауіпсіздік бойынша сарапшы Евгений Питолин.

Сарапшы адамдарды бұндай хабарламалар келгенде сақ болуға шақырады. Бір әрекет жасамас бұрын мұқият оқып шыққан жөн дейді. Маман алданып қалмау үшін бірқатар кеңестерімен бөлісті.

«Пошта, әлеуметтік желілер мен месенжерлерде келген күдік тудыратын сілтемелерге мүлдем кірмеген дұрыс болады. Көбіне үлкен ұтыс немесе жеңілдетілген қызмет түрлері ұсынылады. Оңай ақша табамын деп алданып жатады көбі. Асықпай ол жайында мәліметтер жинап алу керек», - дейді сарапшы

Дейтұра пайдаға кенелгісі келетіндер осы текті кеңестер мен үкімет тарапынан жасалып жатқан талай ескертулерге құлақ аса қоймайтын көрінеді. Тек соңғы 8 айдың ішінде халықаралық зертхананың мамандары 4970 скамерлік ресурсты анықтаған.

Авторы: Жеңіс Ермұқанов

 

Фото: advokatura.kz