Қазақстанда тұтынушы құқығын қорғау жүйесі жетілдіріледі

Қазақстанда тұтынушы құқығын қорғау жүйесі жетілдіріледі

Қазақстанда тұтынушылардың құқығын қорғау жөніндегі ведомствоаралық кеңес құрылады. Бұл туралы Үкімет отырысында  ҚР Сауда және интеграция министрі Бақыт Сұлтанов мәлімдеді.

Оның айтуынша, қазіргі кезде елімізде тұтынушы құқығын қорғау саласында 65 қоғамдық ұйым жұмыс істейді. Министрлік үкіметтік емес ұйымдармен оларды ірілендіру және салалық негізде нығайту принципі бойынша жұмыс істейтін болады. Бұл қоғамдық секторға салалық мемлекеттік органдармен толыққанды ынтымақтастық орнатуға, сонымен қатар халықтың мәдениетін және тұтынатын тауарлар мен қызметтердің сапасын жақсартуға мүмкіндік береді.

«Бұдан басқа «ҚР Тұтынушы құқығын қорғау туралы» Заңында тұтынушылардың құқығын қорғау жөніндегі ведомствоаралық кеңес құру көзделген. Оның отырыстарында мемлекеттік органдардың жұмыс нәтижелері талқыланып, кемшіліктер анықталып, тиісті шешімдер қабылданады. Осы кеңестің құрамы мен ережесі Үкіметтің қарауында», - деді Бақыт Сұлтанов.

Министр тұтынушылар құқығын қорғау бойынша өзге де жаңа бастамалар ұсынды. Алдымен өңірлерде өкілдіктері бар Ұлттық тұтынушылар қауымдастығын құру мүмкіндігін қарастыру. Бұған қоса үкіметтік емес ұйымдардың негізінде омбудсмен институтын құру қажет деді. Үшіншіден, нормативтік құқықтық актілерді әзірлеу кезінде тұтынушылар мүддесіне қатысты реттеушілік әсерді талдау және уәкілетті органмен келісу механизмін енгізу. Ендігі бір бастама ретінде тұтынушылар құқығын қорғау саласындағы қоғамдық бірлестіктерді министрліктер мен әкімдіктер жанындағы консультативтік-кеңесші органдардың құрамына қосуды ұсынды.

«Бесіншіден, мемлекеттік және жергілікті атқарушы органдардың, сондай-ақ квазимемлекеттік ұйымдардың қызметтерін бағалау көрсеткіштеріне (KPI) тұтынушылар тарапынан қанағаттану мен олардың жұмыстарына сенім деңгейін енгізу. Алтыншыдан, тұтынушылардың мүдделері мен құқықтарын толығымен ескере отырып, мемлекеттік және жеке ұйымдар үшін Ерікті іскерлік ережелер мен үлгілік келісімшарттарға нормаларды қабылдау. Жетіншіден, тұтынушылар мен кәсіпкерлер үшін тұтынушылар құқығын қорғау құралдары туралы тегін онлайн дәрістер курстарын өткізу. Аталған бастамалар қолдау тапқан жағдайда қысқа мерзімде нормативтік құқықтық актілерге тиісті өзгерістер еңгізуге дайынбыз», - деді Бақыт Сұлтанов.

Сондай-ақ, министр тұтынушылар шағымын сотқа жеткізбей шешу керектігі жөнінде ерекше атап өтті. Ол үшін шағымдарды қарастырудың үш жаңа деңгейін түсіндірді.

«Мысалы, Германия, Австрия, Жапония және Литвада мемлекет «ақылды» басқаруды жүргізеді, ал құқық бұзуды қалпына келтірумен сотқа дейінгі реттеу институттары айналысады. Сондай-ақ, Германия, Ресей және Литвада Ведомствоаралық кеңестер қызмет атқарады, онда тұтынушылардың құқықтарын қорғау мәселелері талқыланады. Шағымдарды қарастырудың үш сатылы жүйесі енгізілді. Бірінші деңгейде сатушы тұтынушының талабын «қазір және осында» қағидаты бойынша жеке өзі қарауға міндетті. Өзара келісім бойынша екі жаққа дауларды сотқа дейінгі реттеу субъектілеріне жүгіну мүмкіндігі берілген», - деп түсіндірді Бақыт  Сұлтанов.

Тұтынушыға екінші деңгейді өту міндетті талап емес, шағымды уәкілетті органға жіберу қажеттілігі туралы шешімді оның өзі қабылдайды. Соңғы деңгейде – тұтынушының сотқа жүгінуі көзделген.

«Біздің ортақ міндетіміз – сатушы мен қызмет көрсетушінің дауларды болдырмауға, ал олар туындаған кезде бірінші деңгейде шешілуіне жағдай жасау. Сот жүйесі осы бағыттағы проблемаларға тұтынушылық көзқараспен қарап, дауларды тез арада шешуге мүдделі болуы керек», - деді Бақыт Сұлтанов.

Авторы: Жеңіс Ермұқанов

 

Фото: inform.kz