Қазақстан-Румыния: білім саласындағы ынтымақтастық

Қазақстан-Румыния: білім саласындағы ынтымақтастық

Қазақстан Елшісі Нұрбах Рүстемов пен Румынияның Білім және ғылым министрі Моника-Кристина Анисидің кездесуі кезінде екі ел арасындағы білім және ғылым саласындағы ынтымақтастықты тереңдету мәселесі талқыланды. Бұл туралы ҚР сыртқы істер Министрлігінің баспасөз қызметі хабарлайды.

Өз сөзінде қазақстандық дипломат біздің студенттеріміз Румыния университеттерінде оқуға жиі ниет білдіретінін атап өтті. Осыған байланысты, тараптар шарттық-құқықтық базаны кеңейтуге, атап айтқанда, алдағы үкіметаралық комиссияның отырысы шеңберінде өзара негізде жыл сайын қосымша гранттар бөлу мәселесін қарауға уағдаласты. Бұдан басқа, Қазақстан мен Румыния жоғары оқу орындары арасында байланыс орнату ісі ары қарай  жалғасатын болады.

Сондай-ақ өзара ынтымақтастықты жандандыру мақсатында румын тарапы жақын арада екі елдің білім министрлері арасында бейнеконференция байланыс форматында кездесу өткізуге қызығушылық білдірді.

Сыртқы істер министрлігінің мәліметінше, қазір Румынияда 40 қазақстандық білім алып жатқандығын атап өткен жөн. Олар румын жоғары оқу орындарында медицина, қаржы, экономика, өнер, IT, психология және актерлік шеберлік мамандықтары бойынша білім алуда.