Қожа Ахмет Ясауи кесенесінде зерттеу, сараптау жұмыстары жүргізілуде

Қожа Ахмет Ясауи кесенесінде зерттеу, сараптау жұмыстары жүргізілуде

Орта Азиядағы теңдессіз жәдігерлердің бірегейі Қожа Ахмет Ясауи кесенесін сақтап қалу. Ол үшін орта ғасырлық сәулет өнерінің көрнекті ескерткішінің іргетасынан бастап күмбезге дейін толықтай зерттеу жұмыстары жүргізілуде. Осы орайда, Қазақ құрылыс және сәулет ғылыми-зерттеу институты жанынан ғылыми мамандардан тұратын сарапшылар тобы құрылды. Бұл туралы Әзірет Сұлтан мемлекеттік тарихи-мәдени қорық музейі хабарлады.

Алға қойылған мақсат – қабырғалары мен құрылыс материалдарын және әрі кірпіштен өрген ең үлкен күмбездің техникалық жағдайын сараптаудан өткізіп, сан ғасырлық нысанның құрылыс жағдайына бақылау жүргізу, табиғаттың тосын әсерлері мен түрлі факторлардан болған кемшіліктерді анықтау. Ғалымдар оған қажет құрылыс материалдарының жарамдылығы мен төзімділігін, түрлі ішкі және сыртқы әсерлердің салдарынан зиян келген немесе жұмыс жүргізілуі тиіс аймақтарды анықтап, өз ұсыныстарын даярлайды.

«Қазіргі анықтауымыз бойынша кесененің іргетасы берік, өз қалпын мықтап сақтап тұр. Бұл бағытта жүргізілген реставрация жұмыстары да өзінің оң нәтижесін бергенін айтуға болады. Ал, құрылыс ғимаратының қабырғалары мен түрлі бөліктерінің сейсмикаға, өзге де жағдайларға төзімділігін арнайы құрылғылар арқылы анықтау үстіндеміз. Алынған талдамалардың нақты шешімі Алматы қаласындағы орталықта тиісті ғалымдардың бас қосуынан кейін қабылданып, нәтижесі белгілі болады. Кесененің құрылыс төзімділігі туралы қазір айту ерте»,- деді Қазақ құрылыс және сәулет ғылыми-зерттеу институтының өкілі Сырымбек Ержанов.

Айта кетсек, Қожа Ахмет Ясауи кесенесі аса үлкен күмбезді құрылыстардың бірегейі. Жамағатхана күмбезінің ұшар басына дейін есептегенде биіктігі -37,5, ені - 46,5 ұзындығы - 65 метр. Қабырғаларының қалыңдығы - 1,8 ден 3 метрге дейін. Орталық залының төңірегіне түрлі мақсатқа арналған 35 бөлме салынған. Кесененің құрылыс жағдайына былтыр ЮНЕСКО Халықаралық ұйымының мамандары талдау жүргізген болатын.

Авторы: Жеңіс Ермұқанов

 

Фото: e-history.kz