Қазақстанда кинотеатр, театрлар мен сауда орталықтарындағы қоғамдық тамақтану орындарының жұмысына рұқсат берілді

Қазақстанда кинотеатр, театрлар мен сауда орталықтарындағы қоғамдық тамақтану орындарының жұмысына рұқсат берілді

Төтенше жағдайға байланысты бірнеше ай қатарынан тұралалап қалған бірқатар мәдениет және демалыс нысандарының қызметі қайта жанданды. Еліміздің бас санитарлық дәрігері карантиндік шектеу шаралары туралы қаулыға өзгерістер енгізді.

«Маска режимі және әлеуметтік қашықтықты сақтай отырып, кинотеатрларға ашық алаңда жұмыс істеуге; Театрдың көрермені 50 адамнан аспайтындай, infokazakhstan.kz порталында тіркеліп, сондай-ақ маска тағып, әлеуметтік қашықтық сақтап жұмыс істеуге рұқсат етіледі» делінген қаулыда. 

Сауда орталықтарында (жеке ғимаратта) орналасқан қоғамдық тамақтану нысандарында 50 орыннан асырмай, ұжымдық шара өткізбей жұмыс істеуге рұқсат етілді. 

Мәселен, Алматыда автокинотеатрдың бірі жұмысын бастап кетті. Ол күндіз түні көрерменін қабылдауға дайын. Автотұрақ 90 көлікке шақталған. Мұнда сүйікті ескі кинотуындылармен қатар заманауи фильмдерді тамашалауға болады. 

«Қазіргі таңда карантиндік шаралардың жалғасуына байланысты ашық аспан астындағы кинотеатрлардың жұмысын жандандыру өте өзекті деп санаймын. Қазір кинотеатрлар жабық. Ал адамдар үлкен экраннан фильмдер көргісі келеді. Сұраныс бар», - дейді автокинотеатрдың басқарушы директоры Данияр Шамухажы.

Автокинотеатр күз бойы жұмыс істейді. Сондай-ақ желтоқсан айында жаңа жылдық көрсетілім ұйымдастырылмақ. 

«Әлеуметтік желіміздегі оқырмандар аптасына бір рет өздері көргісі келетін фильмді таңдайды. Брондау болмағандықтан көрсетілімнен ерте келіп алады. Ыңғайлы орын алып алу үшін», - дейді Данияр Шамухажы.

2020 жылдың 18-19 қыркүйегінде «Опералық классикаға саяхат» атты ғаламат концерттік бағдарламамен «Астана Опера» өзінің VIІІ театр маусымын ашады. Өнер сүйер қауымның назарына  театр қорындағы Ахмет Жұбанов пен Латиф Хамиддің. «Абай», Петр Чайковский.«Евгений Онегин» сынды операларынан үздік ариялар, дуэттер мен сахналық көріністер ұсынылады. 

«Кеше кешкісін барлық театрларға қызметін жандандырып, барлық санитарлық талаптарды ескере отырып  50 көрерменге дейін  шақыруға рұқсат етілді. Олар залда шахмат тәрізді отырғызылады. Бұндай азғантай көлем болғанның өзінде билет құнына әсер етпейді.  Оларды театр кассаларында онлайн сатып алуға болады. Әрине онлайн режимінде де спектакль қөрсетілімдері жалғасатын болады», - дейді «Астана Опера» театры директорының орынбасары Айжан Курмангалиева. 

Сауда орындарындағы дәмханалар да осындай талаптарды ескеретін болса қызмет көрсетуге рұқсат етілді. Алайда, өзгеріс енгізілген қаулыға сәйкес,әзірге  елімізде караоке, бильярд, компьютерлік клубтар, түнгі клубтар, боулинг орталықтары қызметіне тыйым салынды. Сонымен қатар, демалыс және мереке күндері азық-түлік супермаркеттері мен дәріханаларды қоспағанда сауда үйлері, сауда-ойын-сауық орталықтарының жұмысы тоқтайды.

 

Фото: kapital.kz