Израильде Әл-Фарабидің құрметіне ескерткіш тақта орнатылды

Израильде Әл-Фарабидің құрметіне ескерткіш тақта орнатылды

Израильдің Хайфа қаласында Шығыстың ұлы ойшылдарының бірі Әл - Фарабидің құрметіне мемориалдық тақта орнатылды. Қала тұрғындары мен қонақтары ескерткіш тақтаны философтың есіміне қойылған көшеден көре алады. Ескерткіш тақтада үш тілде - қазақ, иврит және ағылшын тілдерінде ғалымның өмірбаяны, әдебиет пен ғылым саласындағы жетістіктері мен еңбектері сипатталған. Айта кетейік, биыл ЮНЕСКО қамқорлығымен бүкіл әлем ұлы ғұламаның туғанына 1150 жыл толуын тойлауда. Бұл туралы өз сөзінде ҚазҰУ ректоры, академик Ғалым Мұтанов  еске салды.

«Осы тарихи, әлемдегі ең әдемі қалалардың бірі, Израильдің басты теңіз қақпасы Хайфа қаласында Әл-Фараби көшесі бар екені қатты қуантады. Өркениетті Израильде ұлы ойшылдың есімін дәріптеу және ұзақ жылдарға атын қалдыру, оның бір халықтың ғана емес, бүкіл адамзаттың мәдени және рухани тәлімгері болып табылатындығын дәлелдей түсті. Осы ретте, Әл-Фарабидің еңбектерін аударған еврей ойшылдарының зор еңбегін атап өткім келеді. Еңбектер Еуропада таралуына ықпал етті», - деді ҚазҰУ ректоры.

Әл-Фараби атындағы көше Хайфадағы еврей және араб кварталдарының түйіскен жерінде орналасқан және өткен ғасырдың 60-шы жылдарынан бері бар екендігін айта кеткен жөн. Оның ескерткіш тақтасы сияқты, көшенің пайда болуы символдық сипатқа ие, өйткені ойшылдың трактаттары әлемдік философияның дамуына айтарлықтай әсер етті. Көптеген әйгілі данышпандар, соның ішінде еврей философы Рамбам оны тіпті өзінің ұстазы деп атаған еді. Бүгінде Халықаралық ғылыми ынтымақтастықты дамыта отырып, академиялық қауымдастық Әл-Фараби мұрасын сақтау мен танымал етуде маңызды рөл атқарады, деп атап өтті Израильдегі Қазақстан Республикасының Төтенше және Өкілетті Елшісі Сатыбалды Бұршақов.

«Біздің әйгілі жерлесіміз адамдар бақытқа жету үшін бір-біріне көмектесу керек деген ойды алға тартты. Израильдің ірі қалаларының бірінде Әл-Фараби есімімен көшенің болуы ұлы ойшылдың шығармашылық мұрасын мойындауды және елдер арасындағы достық қарым - қатынастың жоғары деңгейінің айғағы болып табылады», - деп атап өтті Қазақстан елшісі.

 

Фото: kaznu.kz