БҰҰ ДБ арқылы әлеуметтік осал топтағы жастар тағылымдамадан өтті

БҰҰ ДБ арқылы әлеуметтік осал топтағы жастар тағылымдамадан өтті

Карантин кезінде жұмысы тоқтап қалған жастар кәсіби біліктіліктерін арттыру тренингтері мен менторлық қолдауды қамтитын үш айлық тағылымдамадан өтті. Бұл БҰҰ Даму Бағдарламасы короновирус пандемиясының әлеуметтік-экономикалық зардаптарын жұмсарту бойынша Қазақстан үкіметіне жедел қолдау көрсету бағдарламасы аясында жүзеге асырылды.

«Қатысушылар Нұр-Сұлтан, Алматы қалалары және Қарағанды облысындағы кәсіпорындар, үкіметтік емес ұйымдар және мемлекеттік органдарға жіберілді. Жастар жаңа кәсіп игеру, тәжірибе жинақтау мүмкіндігіне ие болып, оған қоса ай сайын 60 000 теңге көлемінде шәкіртақы алып отырды. Үш ай аралығында жұмыс берушілер оларды байқап көріп, үздіктеріне тағылымдамадан соң еңбек келісімшарттарын ұсынды»,- делінген баспасөз баяндамасында.

Жобаға әлеуметтік осал топқа кіретін жастарымен жұмыс істеуге арнайы оқытылған 25 тәлімгер жұмылдырылды. Олар қатысушылармен тұрақты түрде топтық және жеке кездесулер, мақсат қою, өзін-өзі ұйымдастыру, командада жұмыс істеу және тайм-менеджмент негіздері бойынша тренингтер өткізді. Сонымен қатар тренингтер барысында коронавирус инфекциясының таралуына байланысты вирусқа қарсы шараларды сақтау және қашықтан тиімді жұмыс істеу тақырыптары да өзекті болды.

«БҰҰ ДБ бастамасы экономикалық белсенділіктің бәсеңдеуі және жалпы еңбек нарығындағы белгісіздік жағдайында әлеуметтік осал топтағы жастардың экономикалық мүмкіндіктерін кеңейту мен кәсіби біліктіліктерін дамытуға үлес қосуға бағытталған», - деп атап өтті Қазақстандағы БҰҰ ДБ Тұрақты өкілі Якуп Бериш.

 

Фото: coronavirus2020.kz


×